Елордалықтар Жеңіс күні құрметіне атылған отшашуды тамашалады (ФОТО, ВИДЕО)
Мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шараны көруге келген астаналықтар көп болды. Отшашуды отбасымен бірге қаланың өзге аудандарынан арнайы келіп тамашалаған елордалықтар да кездесті.
Пандемия біраз әбігерге салып, үйден шыға алмай қалдық қой, - дейді Қайыржан Кәкімжанұлы есімді тұрғын. – Қазір жағдай біршама жақсарды. Демалыс, мереке күндері, өзіміз оң жағалауда тұрсақ та, елорданың әсем жерлерінде серуендеу үшін сол жағалауға арнайы келеміз. Бүгін де отшашу болады дегенді естіп, келіншегім мен қызымды алып, осында келдік. Жеңіс күні мерекесі құтты болсын!
Сондай-ақ Айша Әлімбекова есімді жас елордалық та отшашуды әлеуметтік желіге жүктеу үшін арнайы келген.
Өзім Есіл өзені жағалауына жақын жерде тұрамын. Аулада жүрген едім, отшашу басталғанын көріп, осы жерге бұрылдым. 10 минуттай атылған отшашуды instagram-парақшамның Stories-ына салып қойдым, - деп күлді қала тұрғыны.
Қалалық әкімдіктен мәлім еткендей, Жеңістің 77 жылдығына арналған отшашу демеушілер қаражаты есебінен ұйымдастырылған. Салтанатты рәсім 10-12 минутқа созылды.
Айта кетейік, атылған отшашу көлемі 3 мыңнан кем емес.