Елордада референдумды қоғамдық қолдау қалалық штабының алғашқы отырысы өтті
Жиынға Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов, қалалық мәслихат депутаттары, жастар өкілдері және басқалары қатысты. Олар конституциялық түзетулерге және Президенттің бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ ұсынылған конституциялық реформалардың қабылдануымен елдегі саяси плюрализм мен бәсекеге қабілетті демократиялық ортаны дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалатынына сенімді екендіктерін атап өтті.
Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық деңгейде референдум өткізуге қатысты Жарлыққа қол қойды. Референдумға 5 маусымда барлығымыз қатысуымыз керек. Референдум өткізуге қатысты республикалық штаб құрылды. Біз де елордалықтарға референдумның мән-мағынасы неде, конституциялық өзгерістер не үшін енгізілейін деп жатыр, соны түсіндіру, жеткізу үшін қалалық штаб құрдық. Штабтың құрылуына мұрындық болған «Ареал» қоры. Сонымен қатар елорданың Кәсіпкерлік палатасының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, жастар саясатының өкілдері қолдап, штаб құрып отырмыз, – деді қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы.
Бұдан әрі сөз алған «Ареал» ақпараттық қоры» қоғамдық қорының басшысы Үсен Қойшиев қор конституциялық реформалардың негізгі ережелерін кеңінен түсіндіруді ұйымдастырумен айналысатынын айтты.
Еліміз үлкен белестің алдында тұр. Көп өзгеріс енгізіліп жатыр. Еліміз, халқымыз өзгеріп жатыр. Мемлекет басшысының Жарлығына сай, референдум туралы халыққа ақпарат жеткізуді мақсат етіп отырмыз. «Ареал» қоғамдық қоры бастаманы ұсынып отыр, - деді қоғамдық қор төрағасы.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Купешов та сөз сөйлеп, елімізге үлкен өзгерістер алып келетін референдум еліміз үшін маңызды қадам болып отырғанын айтты.
Мемлекет басшысының үндеуін тамашаладық. Референдум алдағы жарқын болашағымызға бағыт-бағдар болады деп есептейміз. Біз тек «еститін мемлекет» қана емес, талап-тілектерге құлақ асатын, әрекет ететін елге айналамыз, - деді мәслихат депутаты.
Жиынды қорытындылаған Зұлпыхар Ғайыпов елордалықтарды референдумға қатысуға шақырды.