Елорданың қоғамдық кеңесі өз жұмысын бастады
Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Көлік және коммуникация жоғары колледжінің директоры, саяси ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Зулфухар Гаипов, ал орынбасары болып «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Зейнолла Шибкенов сайланды.
Сондай-ақ әртүрлі бағыт бойынша бес комиссия бекітіліп, оның төрағалары сайланды. Атап айтсақ, Ақпараттық-талдау жұмысы мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы болып Ерлан Қарабалаев, Бюджет, экономика және қаржы мәселелері жөніндегі комиссия болып Бауыржан Смаилов, Әлеуметтік саясат саласында азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру жөніндегі комиссия төрағасы болып Рамзия Өмірбаева, Кәсіпкерлікті дамытудың экономикалық саясаты саласындағы азаматтық-құқықтық қатынастарды қорғау, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы болып Есберген Алауханов, Энергия тиімділігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және экология мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы болып Юсуп Келигов сайланды.
Мұнымен қоса Қоғамдық кеңес президиумының құрамы бекітілді, оған Қоғамдық кеңес төрағасы, оның орынбасары және комиссиялардың төрағалары кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің 31 мүшеден тұратын жаңа құрамы бекітілген болатын.