Нұр-Сұлтанда «Наурыз думан – 2022» іс-шарасы өтті (ФОТО)
Елорда тұрғындары мен қонақтары қаланың түрлі нүктелерінде «Наурыз думан – 2022» мәдени-бұқаралық іс-шараларын тамашалады.
Алматы ауданында «Қазақ елі» монументі алаңында және «Студенттер» саябағында халықтық серуен өтті. «Қазақ елі» монументі алаңында бірнеше киіз үй тігілді. Оларға Кенесары Қасымұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мәншүк Мәметова, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Роза Бағланова және Шеберлер ауылы деген атаулар берілді.
Байқоңыр ауданының тұрғындары «Ататүрік» саябағы мен Қаламгерлер аллеясына жиналды.
Есіл ауданында астаналықтар ЭКСПО аумағында және Үркер тұрғын алабында бос уақыттарын өткізді.
Сарыарқа ауданында «Көктал» саябағы мен Demalys Promenade алаңы мерекелік серуенге айналды.
Алаңдағы концертте елге белгілі әртістер мен шығармашылық ұжымдар мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Ал түрлі костюм киген кейіпкерлер мен қуыршақтар жиналған қауымның көңілін көтерді.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін халық күннің суығына қарамай тойлап жатыр. Барыс жылында барлығыңызға баянды бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық, ырыс пен береке тілеймін! – деді қала тұрғыны Қайролла Төребеков.
Сондай-ақ, көпшілік қазақша күрес, қошқар көтеру, арқан тарту, қол күресі, гір көтеру, асық ату, ләңгі тебу секілді ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатысты.
Әртістер осындай мерекелік концерттерде өнер көрсеткеніне қуанышты. Карантиндік шектеулерден кейін біз сахнаны сағындық. Көрермендерді қуантып, жағымды көңіл-күй сыйлағымыз келеді. Жел мен қарға қарамастан қала тұрғындары Наурызды бізбен бірге жылы қарсы алды, - дейді әнші Нұрбол Балапанов.