Ұлы дала даңғылындағы көпірдің құрылысы биыл аяқталады – Алтай Көлгінов
Осыған дейін айтқанымдай, азаматтарды апта сайын қабылдап тұрамын. Бұл әлеуметтік көмекпен қала тұрғындарын барынша көп қамтуға, сол сияқты бір отбасының мәселесін шешу арқылы өзге де проблемаларды жүйелі түрде реттеуге мүмкіндік береді.
Бүгін көтерілген проблемалардың басым бөлігі инфрақұрылым саласына қатысты болды. Өздеріңіз білетіндей, елорда тұрғындары жыл сайын артып келеді, тиісінше көшедегі көлік саны да көбейді. Қарбалас сәттерде қала көшелерінде болатын кептелістерді көріп отырмыз. Бұл мәселе жүйелі түрде шешілу үшін қалада екі көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа көпірлер көлік ағынының азаюына мүмкіндік береді. Сонымен 2021 жылдың қараша айында Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысы қайта жанданды. Ал оған дейін көпір құрылысына қатысты сот процестері болған. Процедуралық проблемалардың бәрі шешілгеннен кейін құрылысы қайта басталды. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылын, жаңа теміржол вокзалы ауданын, Қошқарбаев даңғылын, Нәжімеденов көшесін, Әзірет Сұлтан мешітінің ауданын, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерін, Момышұлы даңғылын қаланың сол жақ жағалауымен қосымша қатынауға септігін тигізеді. Бұл көпірді 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Шаһар басшысының айтуынша, Ұлы дала даңғылындағы көпірдің құрылысы жүріп жатыр.
Бұл көпір Мәңгілік Ел даңғылы, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелері, Nova city ауданы, «Мыңжылдық» аллеясы аумағындағы көлік нөпірін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа «Нұрлы жол» вокзалына, Тельман және Промышленный елді мекендеріне, МЕТРО гипермаркеті ауданына, Жұмабаев даңғылына, Жүргенов көшесіне және т.б. қатынау үшін ыңғайлылықты арттырады. Бұл көпірдің құрылысын биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек, күн райы жылынған сәттен бастап жол салуға және жөндеуге кірісеміз. Елордада жылыту маусымы шамамен 7 айға созылады. Мұндай ұзақ уақыт абаттандыру маусымын айтарлықтай қысқартады. Қаладағы климаттық жағдай жолдардың сапасына айтарлықтай әсер етеді. Дегенмен, мердігерлерге де жоғары талаптар қоямыз, ал сапасыз жасалған жолдарды қабылдамаймыз. Соңғы екі жылдың өзінде 300 көшені жөндедік. Бұл мәселеде қаланың оң жақ бөлігі мен елді мекендерге баса мән беріледі, – деп жазды елорда әкімі.