Елордалықтар Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті (ФОТО)
Думанды іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов қатысып, сөз сөйледі. Ол қала халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Наурыз – терең тарихи тамыры бар көктем мен жаңғыру күні. Біздің халқымыз оны Ұлыстың ұлы күн деп атайтыны таңқаларлық емес. Осы қасиетті сәтте адамдар бір-бірінің реніштерін кешіреді және тек жылулық тілейді. Бұл күні әдеттегідей бұлақтардың көзін ашып, ағаш отырғызады. Игі дәстүрмен қайырымдылық көмек көрсетеді. Сөйтіп, өсіп келе жатқан ұл-қызына, ұрпағына ынтымақ пен бірліктің, еңбектің мәнін түсіндіріп, санасына сіңіреді. Әрине, осынау әрбір игі істің, ата дәстүрдің астарында ғасырлар бойы сабақтастығын үзбей жеткен халқымыздың өшпес өсиеті жатыр, - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Берік Жәкенов.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының, елорда әкімдігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, елшілер, белгілі қоғам қайраткерлері де іс-шараға қатысты. Олар бір-бірін әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.
Достық үйінің алаңына қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылған. Жиналған жұрт құдды ауылда болып жатқан тойдың үстіне түскендей таңырқайды. Бірі наурыз көжеден дәм татып, енді бірі ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды тамашалап жүр. Ал енді біреулері жәрмеңкеден сауда жасап жатса, кей қонақтар әсем әнге құлақ құрышын қандырып тұр.
Ұлттық ойындардан өткен жарыстардың да өз жанкүйерлері аз болған жоқ. Олар спортшыларға дем беріп, әлсін-әлсін қолдап тұрды.
Бұқа тартыс, салмақ көтеру, асық ату, күрестен сынға түскен спортшылардың өнерін тамашалады. Енді бірі қолданбалы өнер шеберлерінің жасаған дүниелерімен танысты.
Қазақтың дәстүрімен сәбидің тұсауы кесіліп, асық ойналды.
Елорданың барлық ауданында Наурыз мерекесіне орай 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Алматы ауданы бойынша «Қазақ елі» монументі мен Студенттер саябағында, Байқоңыр ауданында Ататүрік саябағында, тағы да басқа орындарда түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар өтеді. Онда қаламыздың өнерпаздары әннен шашу шашады, - деді Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин.
Сондай-ақ ол алдағы 22 наурызда өтетін іс-шаралар туралы да айтты.
22 наурызда сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін барлық ауданда, соның ішінде елорданың елді мекендерінде «Наурыз Думан» мәдени іс-шаралары ұйымдастырылады. Іс-шарада ведомстволық бағынысты ұйымдардың әртістері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарламалар қарастырылған. Сондай-ақ жиналған жұрт ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатыса алады, оның ішінде, арқан тарту, асық ату, тоғыз құмалақ және т.б. Бұл күні мерекенің басты белгісі – Наурыз көже ұлттық тағамы да жұртшылыққа таратылады, – деді Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары.