Астаналықтар Ауған соғысында қаза тапқан батырларды еске алды
Бүгін кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 33 жыл толды. Іс-шара барысында астаналықтар он жылға созылған қанқұйлы соғыс 14 мыңнан астам адамның өмірін жалмағанын еске алды.
Сол соғыстың ардагері Абай Апушев әскери борышын Ауғанстанда екі рет – 1981 және 1988 жылдары өтеп келген. Осынау маңызды күні ол мұнда өзінің майдандастарын құттықтауға келіпті.
Мен шекара әскері құрамында қызмет еттім, «Каскад» атты мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы тобы құрамында болдым. Әрине, шекара әскері көмекші бөлімше болатын. Біз Газни провинциясындағы губернатордың үйін күзеттік. Сол кезде жас жігіттер ұзақ түндер бойы көз ілместен жұмыс істеп, әскери парыздың бүкіл салмағын сезінген еді, – дейді Абай Апушев.
Ауған соғысының тағы бір ардагері Нұрлан Ахметовтің айтуынша, қазіргі таңда тарихшылар архивтік материалдарды мұқият қарап жатыр, өйткені көп құжат құпия сақталып келді. Одан бөлек, іздеу топтары қаза тапқан жауынгерлердің мүрдесін тауып, Отанына қайтаруда көп үлес қосып жүр.
Елорда әкімінің орынбасары Берік Жакенов интернационалист-жауынгерлермен кездесу балалар мен жасөспірімдердің бойына патриоттық рухты сіңіруге көмектесетінін айтты.
Сіздердің қажыр-қайратыңыз бен өр рухыңыз ел басшылары қойған міндеттерді еңсеріп шығуға мүмкіндік берді. Бұл – өсіп келе жатқан ұрпақ үшін патриотизмнің нағыз үлгісі. Отан алдындағы борышын өтеу үшін жанын пида еткен жауынгерлердің рухына тағзым етеміз, – деді Берік Жакенов.
Іс-шара соңында қаза болған интернационалист-жауынгердің анасы Бейісгүл Тоқмағамбетова сөз сөйледі:
Бұл уақиға тұп-тура менің көз алдымда өтті. Бүгін мен өзінің борышын өтеп жүріп қаза тапқан ұлымның суретін алып келдім. Жақыныңды жоғалтқан кездегі қайғы қанша уақыт өтсе де ұмытылмайды. Бейбітшілік үшін өмірін құрбан еткен қаһармандарымыз жайында біз бір сәтке де ұмытпауымыз керек, – деді Бейісгүл әжей.