00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада балаларға театрлық қолөнерді үйретеді

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада балаларға театрлық қолөнерді үйретеді
ашық дереккөз

Театрда балалармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінетінін, шығармашыл, зерек ойлы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және дамытуға барлық жағдайлар жасалатынын атап өту керек.

Балалар қолөнер студиясы оқушылармен жүргізілген кешенді жұмыстың жалғасы болып табылады. Театр базасында бір демде 6-дан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған бірнеше үйірме ашылады: «Киім үлгілеу, пішу және тігу», «Құрақ құрау», «Ағашқа өрнек салу», «Кескіндеме және сурет». Оқуға өтінімдерді ата-аналар artsport.edu.kz бірыңғай порталында бере алады. Үйірмелерді «Астана Операның» кәсіби тәжірибелі қызметкерлері жүргізеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында атап өткендей, білім сапасын арттыруда ерте кәсіптік бағдар берудің маңызы зор. Өскелең ұрпақ болашақ мамандықты таңдауға саналы түрде қарауы тиіс, – дейді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Адамның бойына біткен дарыны балалық шақта-ақ байқалатыны көпшілікке мәлім. Үлкендердің міндеті – балалардың әлеуетін ашу үшін мүмкіндіктер ұсына отыра өз-өздерін табуға көмектесу. Өнер әлеміне бастаушы ретінде театрға жүктелген жауапкершілікті түсіне келе, «Астана Опера» өскелең ұрпақты қолдау мақсатында көп жұмыс атқаруда. Сегіз жыл бойы бізде хор және балет бөлімдерінен тұратын Балалар опера студиясы жұмыс істейді. Жас әртістер табиғи дарындарын дамыта отырып, музыка мен биді меңгеруде, театрлық қойылымдарға ересек әртістермен қатар қатысуда. Мамандықпен бұлай етене жақын танысу оларға барынша саналы түрде әрі ақылмен таңдау жасауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен және елорда әкімдігімен бірлесіп жүзеге асыратын тағы бір ауқымды жоба – «Театр сабағы». Оның қатысушылары – жоғары сынып оқушылары спектакль көрермендері болып қана қоймай, қойылымның мағынасын алдын ала жақсырақ түсінуге көмектесетін танымдық дәрістердің тыңдаушыларына айналады. Жұмбақ атмосфераға тереңірек үңілу үшін оқушыларға шымылдықтың ар жағына саяхат ұйымдастырылады, онда олар гримдеу, костюмерлік цехтарды, музыкалық кітапхананы, дайындық залдарын аралап көреді.

Жаңа білім бағдарламасы өте танымдық әрі қызықты болады деп күтілуде. Оқыту барысында театрлық қолөнердің сан алуан түрлерімен таныстыру көзделген, балалар таңдалған спектакльге реквизит, бутафорлық заттар мен костюмдерді дайындайды. Оқушылардың шығармашылық амбициясын қайрау және ынталандыру үшін ашық сабақтар мен байқаулар ұйымдастыру жоспарлануда. Оқу жылының аяғында балалардың жұмыстары көрмеде таныстырылып, әр оқушы сертификатқа ие болады.

Айта кету керек, «Кескіндеме және сурет» курсына 6-дан 14 жасқа дейінгі балалар қабылданып, жас ерекшеліктеріне сай екі топқа бөлінеді. Балаларға композиция негіздерін, бейнелеу өнерінің түрлі жанрлары мен тәсілдерін, қолда бар материалдарды пайдалануды және тағы басқаларын меңгертеді.

«Ағашқа өрнек салу» курсы ағашты өңдеу тәсілдерімен және ерекшеліктерімен таныстыру, ою-өрнек түрлерін үйрету, бутафорлық бұйымдар жасау секілді бағыттарды көздейді.

Киім үлгілеуді, пішу мен тігуді үйрену де қызықты болғалы тұр. Курс 10-нан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған, мұнда оларға матамен жұмыс істеудің негізгі тәсілдері мен дағдыларын, киімнің түрлі бөліктерінің, оның ішінде бас киімнің тігісін келтіруді оқытады. Әлбетте, барлығы театрлық костюммен байланыстырылып жасалады.

Студия театрға деген қызығушылықты ояту, балалардың дарынын дамытуға септесу және қол еңбегіне баулуды ғана мақсат етпейді, сонымен қатар оқушылар арасында театрлық қолөнерді насихаттауды көздейді. Бәлкім, студия тәрбиеленушілерінің арасынан біреу өзін өнермен байланысты кәсіпте тауып қалар. Студия қызметіндегі маңызды жетістік, міне, осы болмақ, – деп сөзін қорытындылады Ғ.Ахмедьяров.