Астанадағы «Ұлытау» аллеясы абаттандырылады
«Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы аясында тұрғындармен кері байланыс бас қалада белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жолы Есіл ауданының тұрғындары «Ұлытау» аллеясын абаттандыру бойынша өз ұсыныстарын білдіріп, демалыс орнының қазіргі заманға сай нағыз мәдениет орталығына айналғанын қалайтындықтарын жеткізді.
Изатима Баянқызы өткен жылы осы ауданнан баспана сатып алған. Жаз бойы сол пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде аллеяның жанынан жиі өтуіне тура келген.
Сонда байқағаным: «Ұлытау» аллеясы, сөз жоқ, қаладағы өте әдемі орындардың бірі. Дегенмен, бұл жерді астананың бұдан да әдемі, тіпті туристер көбірек келетін мәдениет орнына айналдыруға болады деп ойлаймын. Ол үшін, әрине, алдымен аллеяның маңы абаттандырылса деген ұсынысым бар. Аптап ыстықта салтанатты аркадан Ботаникалық саябаққа жеткенше жан терім шығатын. Бұл жердегі ағаштар аласа болғандықтан, жазда көлеңке түспейді. Сондықтан, алдымен осы аумаққа көлеңке беріп тұратын ағаш-талдар көптеп отырғызылса жөн болар еді. Аумақ абаттандырылып, жарық тартылса, енді осы жерге келген адам аллеядан жай өтіп кетпей, рухани азық алуы керек қой. Таласым жоқ, аллеяда «Алтын шоқы» жотасы алынған тастың көшірмесі қойылған. Онда Әмір Темірдің жазылған қолтаңбасы сақталған. Теректі әулие мен Байқоңырдың петроглифтері де бар. Тастардағы бейнелер тарихтың қойнауынан сыр шертеді. Мұның бәрі, әрине керек, керемет, бірақ осы жерлерге тартымдылық пен толықтырулар жетіспей жатқан секілді, - деді қала тұрғыны.
Келесі қатысушы аллеяның маңынан жай адамдар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың да жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауды, яғни кедергісіз орта қалыптастыруды ұсынса, үшінші тұрғын адамдардың көптеп келуі үшін аллея орталығына Қозы Көрпеш – Баян сұлу және Қыз Жібек пен Төлегеннің қазақы нақыштағы оюлармен темірден иіліп өрілген, қозғалатын әрі жарық түсіріп тұратын мүсіні қойылса, олардың қолдары бір-бірімен түйіскенде ортасындағы шам жанып, айналасындағыларға жылу мен махаббат сыйлайтындай әсер қалдыратын заманауи үлгідегі ашық силуэттерді көргісі келетінін жасырмады.
Алдағы уақытта елімізге келетін туристер қатарын арттыра түсу мақсатында бұл жерде Арбат секілді Жәрмеңкелер алаңы жұмыс істеп, жартылай киіз үй іспеттес алаңға ұлттық қолөнер бұйымдары қойылса, жеке кәсіпкерлік дамыса, ұлттық стильдегі көздің жауын алатын гирляндалар көбейіп, кешкілік жастардың уақытын тиімді өткізуіне барынша мүмкіндіктер ойластырылса, әрине, керемет болар еді деген пікірлер де қозғалды.
Қарапайым халық аллеяға келген кезде ашық алаңда алаңсыз серуендеп қана қоймай, өздерін табиғатпен етене жақын сезінгілері келеді. Бұл – заңды да. Қазіргі қала тұрғындарының тілегі – осы.
Қалалық Урбанистика орталығының басшысы Ернар Базыкен өз кезегінде тұрғындар пікірі ескеріліп, тұжырымданы талқылағаннан кейін жобаны іске асыру қолға алынатынын айтты. Осылайша, жоба мақұлданса, қала күніне қарай «Ұлытау» аллеясы бүгінгісінен де ажарлана түспек.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ