Есет Байкен аудан тұрғындарымен кездесті
«Көктал-2» және «Агроқалашық» тұрғын алабындағы Айдарлы, Құсмұрын, Н.Тілендиев және К.Байсейітова көшелеріне бардым. Аталмыш көшелердің тұрғындарымен кездесіп, бірқатар мәселелерді анықтадық.
Айдарлы көшесі: Көшедегі маңызды мәселелер – қоғамдық көліктің маршрутын өзгерту, абаттандыру, интернет қуаты. Бұл мәселені осы жылы кешенді түрде шешуді жоспарлаудамыз. Бұған қоса, Айдарлы көшесінің бойында балалар ойын алаңын салу үшін жер учаскесін қарастырамыз.
Құсмұрын көшесі: Құсмұрын көшесіндегі тұрғындар көтерген мәселенің бірі – қоғамдық кеңістік салу, жаяу жүргіншілер жолында жасанды жол кедергілерін орнату.
Алдағы уақытта тиісті қызмет өкілдерімен кездесіп, аталмыш мәселені жедел әрі нәтижелі шешу жолдарын қастырамыз.
Н.Тілендиев көшесі: «Жеті жол» тұрғын үй тұрғындарының көтерген басты мәселесі – көлік қоятын тұрақ және футбол алаңын салу, балалардың ойын алаңын кеңейту.
Осы мәселелер бойынша тұрғындармен жұмыс тобын құрып, шешу жолдарын жүзеге асыратын боламыз.
К. Байсейітова көшесі: Аталған көшенің тұрғындарын алаңдататын мәселе – «Өркен қала» бағдарламасы бойынша үйді жаңғырту, нөсер кәрізін және қоғамдық кеңістік салу.
Бір айдан кейін осы үйдің тұрғындарымен кездесіп, шешу жолдарын талқылайтын боламыз.
Аталмыш мекенжайлардың барлығы қоғамдық кеңістік, аулаларды абаттандыруды қажет этеді. Тұрғындарға 10 ақпанда басталатын «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы туралы баяндап, қатысуға шақырдық, – деп жазды Е.Байкен.
Барлық сұрақтар бойынша шаралар жоспары әзірленіп, бақылауға алынды.