00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы қалай тұрақтандырылады

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы қалай тұрақтандырылады
ашық дереккөз

2022 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша берілген 24 қарыздың 19-ы өзекті болып қала береді, ал қалған 5 қарыз бойынша қаражат толығымен қайтарылды. Бұл қарыздарды беру республика Үкіметі бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) тізіміндегі азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға бағытталған.

Қолданыстағы қарыздар бойынша 30 мың тоннадан астам өнім бойынша келісімшарт жасалды. Тұрақтандыру қоры «айналым тетігі» бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, себебі өнімді сатып алып, қоймаларда сақтаумен салыстырғанда өзінің тиімділігін көрсетті. Жеңілдікті қарыздардың арқасында қойманы ұстауға, жұмыс күшіне, логистикаға және сақтау ерекшеліктеріне байланысты қосымша шығындар болмайды. Бұрын қоймаларда өнімдерді сақтау кезінде жұмыс мына механизм бойынша жүргізілетін: тауарлар сатып алынған соң нарыққа тек баға қымбаттаған кезінде шығарылатын – әдетте бұл маусымаралық кезең. Тұрақтандыру қоры жұмыс істеп тұрған кезде қоймада сатып алу және сақтау тетігі арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сегіз түрі ғана ұзақ мерзімге сақтала алатын. Негізінен, бұл жарма, азық-түлік, көкөністер болды, ал температураға байланысты сүт және ет өнімдерін сақтау қиын болды. Қазір ӘМАТ-тың барлық 19 атауы бойынша баға тұрақтанды.

«Айналым тетігінің» арқасында бизнеске де төмен пайыздық несие беру арқылы көмек көрсетіледі. Кәсіпкерлер үшін сауда орындарының саны көбейтілді. Бағасы тұрақтандырылған өнімдер Нұр-Сұлтан қаласының ірі сауда супермаркеттерінің көпшілігінде сатылады: Ақмол, Магнум, Смолл, Анвар, Аян, Шапағат, Астықжан базарлары.

2020-2021 жылдары да 6 форвардтық қарыз берілді. Форвардтық қарыздар кәсіпкерді бастапқы кезеңнен бастап қолдауға арналған. Мысалы, көкөністерге форвардтық қарыздар кәсіпкерлер үшін егіс басталғаннан бастап дүкен сөрелеріне жеткізуге дейін көмек көрсетіледі.

«Айналым тетігі» бойынша жасалған шарттарда көптеген жаңашылдықтар ескерілген: бағаны тұрақтандырудың басталу кезеңі, өнім көлемі, өткізу орындары, сондай-ақ рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағасы (ең жоғары) көрсетіледі.

Жасалған шарттардың орындалғанын бақылау үшін елорда әкімдігі мен тұрақтандыру қоры мониторинг жүргізуде. Жыл басынан бері мониторинг күнделікті жүргізіліп келеді. Сонымен, сөрелерде тауарлардың бағасы мен қолжетімділігі тексеріледі. Мониторинг нәтижелері бойынша акт жасалады. Сөрелерде тауар болмаған кезде және бағасы жоғары болған кезде алдымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіледі, ал жүйелі заңбұзушылықтар болған кезде айыппұл салынады.

Біз тұрақтандыру қоры ретінде жеңілдікті қарыз алған дүкендер мен кәсіпкерлерді ғана тексереміз. Басқа дүкендер мен үй жанындағы дүкендерді тексеру жұмысымен әкімдік және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі айналысады. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдардың мониторингі нәтижесінде 8 бизнес субъектінің қызметінде сауда үстемесінен асып кету белгілері анықталды, алайда олардың бірде-біреуі тұрақтандыру қорымен жұмыс істемейтінін атап өту керек. Әкімдік аталған бизнес субъектілерін жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізді және «ескерту» түрінде ұйғарымдар шығарды. Сондай-ақ, 4 дүкенге қатысты бағаны көтеру бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Бұл «Элит Ет», «Алтай» дүкендері, Тілендиев бойындағы ет дүкені және «Жастар» СҮ, - делінген тұрақтандыру қорының хабарламасында.

Азық-түлік бағасының негізсіз өсуі анықталған жағдайда елорда тұрғындары мына нөмірлерге хабарласуына болады: 75-04-65, 74-27-38, 65-16-86.

Жеңілдікті қарыздар кәсіпкерлік субъектілерінің ӘКК-ге өтініш беруіне қарай беріледі. Қарыз алу үшін кәсіпкерге «Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы» ММ-ге жүгіну қажет. Кәсіпкерден талап етілетін барлық нәрсе – бағаны тұрақтандыру жөніндегі егжей-тегжейлі жоспар, онда ол тауарлардың атауын, көлемін, өткізу орындарын, шекті бағаларын көрсетеді, сондай-ақ банктік кепілдік, кепіл, астық қолхаты немесе басқа кепілдік қажет. Қарызды әрбір кәсіпкер ала алады, өйткені жіберілген өтінімдердің бәрі міндетті түрде қаралады. Өтінімдерді қараумен қала әкімдігі жанындағы комиссия айналысады.