Елордада «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы онлайн-брифинг барысында құқық қорғау органдарының сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың таралуының жолын кесу және жаңажылдық мерекелерде жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.
Пиротехника – бұл қауіпті құрал, ол мерекелік отшашумен қатар өрттің туындауына ғана емес, адам денсаулығына да айтарлықтай зиян келтіреді. Жаңажылдық мерекелерді өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттар айналымының белгіленген қағидаларын сақтағанын бақылау мақсатында 15 желтоқсаннан 12 қаңтарға дейін полицейлер құтқарушылармен бірлесіп, базарларда сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың стихиялық сауда фактілерін анықтап, жолын кеседі. Сол сияқты рұқсат құжаттарынсыз жыл сайынғы «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, - деді ол.
Жаңажылдық мерекелер қарсаңында елорда тұрғындары арасында пиротехникалық бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Алайда, қауіпті отшашулар және басқа да бұйымдарды сатып алу және пайдалану кезіндегі қарапайым сақтық шаралары туралы қала тұрғындары толық біле бермейді. Аталған өнімді пайдалану, сақтау және сату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау өрт тудыруы мүмкін және түрлі дәрежеде термиялық жарақат алу қаупіне апарады.
Спикердің айтуынша, пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан Нұр-Сұлтан қаласының аумағында зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Пиротехникалық бұйымдарды сатып аларда қауіпсіздік үшін тек мамандандырылған дүкеннен, сол сияқты қызметтің осы түріне тиісті лицензиялары бар стационарлық сауда павильондарынан сатып алу қажет. Сатып алу кезінде тиісті сертификатын талап ету керек. Әрбір пиротехникалық бұйым үшін оны қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілінде егжей-тегжейлі нұсқаулық міндетті түрде болуы тиіс, нұсқаулықпен танысқан кезде сақтау мерзіміне назар аударыңыз. Егер тауардың мерзімі өтіп кетсе, оны қолдануға тыйым салынады, - деп ескертті ол.