II Халықаралық конгресте Нұр-Сұлтанның виртуалды кеңістігінің прототипі көрсетілді
Аталған шара ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «G–Global» халықаралық жобасының 10 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылып отыр. Оған мемлекеттік орган өкілдері мен технология саласы бойынша халықаралық сарапшылар қатысты.
Виртуалды кеңістіктің прототипі жаңа технологияларды, атап айтқанда экономиканы және басқа да әлеуметтік маңызы бар салаларды дамыту үшін пайдалана отырып, Нұр-Сұлтан қаласын модернизациялауға бағытталған.
Осылайша, «Астананың цифрлық көшірмесі» негізінде тұрақты жұмыс істейтін виртуалды кеңістік құрылып, нәтижесінде тұрғындар виртуалды шындық технологиялары аясында өз аватарлары арқылы бір-бірімен және цифрлық объектілермен өзара іс-қимыл жасай алады. Осыған орай өзара байланыс әртүрлі технологиялық құрылғылардың, дәстүрлі дербес компьютерлердің көмегімен, виртуалды және кеңейтілген шындық гарнитураларымен де жүзеге асырылуына мүмкіндігі бар.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабектің айтуынша, жаңа технология жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
«Виртуалды кеңістіктің (VR) прототипі — бұл қаланы басқаруға және тұрғындар үшін жайлы қалалық орта құруға арналған тағы бір функционалдық құрал. Құрылған коммуникациялық экожүйе күнделікті өмірде жаңа мүмкіндіктер ашады және пандемия кезіндегі көптеген процестерді жеңілдетеді», – дейді Б. Қасабек.
Айта кетейік, цифрлық дамуды қолдану құрылыс және өнеркәсіп салаларын, сондай-ақ бизнес, денсаулық сақтау, білім беру және туристік бағытты қамтиды. Мәселен, білім беру желісі бойынша IT-құрал қашықтықтан оқытудың тиімділігін арттыруға және виртуалды шындыққа батыру деңгейін тереңдету арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Өнеркәсіп және құрылыс тұрғысынан виртуалды кеңістіктің прототипі қызметкерлерді жұмыс орнындағы мінез-құлық ережелеріне ғана емес, сонымен қатар күрделі технологиялық жабдықтармен біліктілік дағдыларын жетілдіруге де мүмкіндік береді. Жаңа өніммен жұмыс жасау кезінде виртуалды шындық тестілеу мен дамуды жеңілдететін ең күрделі процестер мен құбылыстарды елестетуге болады. Сондай-ақ, covid-19 дәуіріндегі VR прототипі барлық азаматтар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін елорданың мәдени және туристік орындарына көпір болады.