Келер жылы астанада тағы 100 электробус сатып алу жоспарланып отыр
Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері 5 жаңа бағдар іске қосылды. Олар:
- №30 («Өндіріс» т/а - Greenline);
- № 45 («Үркер» т/а – Алаш тас жолы);
- №69 (қалалық зират – Ақан Сері көшесі («Рахмет» СҮ);
- №26 («Агроқалашық» т/а – «Қазақстан» ТК);
- № 323 («Лесная Поляна» т/а – Назарбаев Университеті).
Қазіргі уақытта елордада 94 бағдар бар. Олардың арасында №46, 51, 10, 9, 40, 37, 24, 56 бағыттағы автобустар тұрғындар арасында сұранысқа аса ие.
Қалада жыл басынан бері жалпы жолаушылар ағыны 143 миллионнан астам сапарды құрады. Бүгінде эпидемиологиялық жағдайға байланысты қоғамдық көліктерде жолаушылар денсаулығының қауіпсіздігі үшін бетперде режимі енгізілді. Автобус салондарында антисептиктер орнатылған.
Әрбір автобус соңғы аялдамаға келгеннен кейін салоны міндетті түрде дезинфекциялық ерітіндімен өңделеді, сонымен қатар ауысымнан кейін толық дезинфекция өтеді.
Бүгінгі таңда елордада Bus Lane жалпы ұзындығы 73,6 шақырым болатын 26 көше учаскесінде іске қосылды. Биыл бөлінген Bus Lane жолақтары көшелердің 8 учаскесінде енгізілген. Бұл Тұран, Қабанбай батыр, Ұлы Дала, Байтұрсынов, Нәжімеденов, Түркістан, Абылай хан (қарбалас уақытта) даңғылдары мен көшелері және Мұхамедханов көшесі.
Елордада бүгінгі таңда барлығы 6 автобус паркі бар, оның 5-еуі жекеменшік, 1-еуі коммуналдық. Күн сайын желіге 869 бірлік автобус шығады. Таңғы және кешкі қарбалас уақыттарда желіге автобустардың ең көп саны шығарылады.
Бас қалада алдағы жылы тағы 100 электробус сатып алу жоспарланып отыр.
Ал жүргізушілер мен тексерушілер «CTS біліктілік орталығында» біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Жұмысқа қабылдау кезінде де жүргізушілер міндетті түрде CTS көлік мамандарының біліктілік орталығында оқудан өтеді.