«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы!» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті
Аталған шара ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы күніне және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Ондағы мақсат –тәуелсіз Қазақстанның дамуына ерен еңбек сіңірген Елбасына үлкен құрмет көрсетіп, оған деген шынайы сүйіспеншілікті жырлау, сондай-ақ жас ақындардың Елбасына арнаған өлең-жырларын жұртшылыққа жеткізу.
«Қос мереке қарсаңында өткізліп отырған шараның маңызы зор. «Ел намысын ер сақтар, ер атағын ел сақтар» дегендей, Елбасымыздың ерен еңбегін бағап, жыл сайын осындай жыр мүшәйрасын өткізіп келе жатқан Жоғары көлік және коммуникация колледжіне алғысымызды білдіреміз. Екінші тұрғыдан алғанда, техникалық және кәсіптік колледжінде білім алып жатқан түлектердің білімін жан-жақты жетілдіріп, осындай тамаша жырлар жазғаны қуантады», – деді қалалық білім басқармасы кәсіптік және білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Рахметоллақызы.
Оның сөзінше, жастарымызды шығармашылық жағынан дамыту маңызды.
«Жастар біздің болашағыз. Сондықтан олардың ішінен тек текник, металург қана шықпай, сондай-ақ жас ақындардың да шыққанын қалаймыз. Бүгінгі мүшәйрада өнер көрсеткен жас ақындарға басымды иемін. Неге десеңіз, басқа ақынның өлеңін оқымай, өздері осы өлеңді шығарып, оны мәнерлеп оқып, аудиторияға жеткізе білу үлкен өнер. Сондықтан осындай талантты балаларымызға тек шығармашылық табыс тілеймін. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін!», – деді ол.
Айтулы шараға техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде білім алатын 21 жас ақын қатысып, қазылар алқасының шешімі бойынша бас бәйгені Жоғары көлік және коммуникация колледжінің студенті Нұржан Байқадамов иеленсе, Оразай Мұхаммад бірінші орын, Бұғыбай Асылан екінші орын, Құлпынай Парахатова мен Смағұл Алдияр үшінші орын алды. Дарынды жас ақындарды жеңістерімен құттықтаймыз!