Елордада Pfizer вакцинасын қанша адам алды?
Негізінен, мамандар атап өткендей, балалар мектептердің медициналық пункттерінде вакцинацияланады.
"Ата-аналар көбінесе педагогтерге мектептің медпунктінде егілу ниетімен өздері жүгінеді. Олар бұл жерде балалар үшін таныс орта, ал ата-аналар мұғалімдермен, медқызметкерлермен таныс болғандықтан олардың да көңілі жай. Біз ата-аналар мен балалардың осындай бастамасына тек қуаныштымыз. Оларға қолайлы орта ұсынып, әңгімелесеміз, олардың жағдайын бірге қадағалаймыз", - дейді "Салауатты Астана" емханасының мектеп-мектепке дейінгі бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Еңсебаева.
Сондай-ақ, дәрігердің айтуынша, вакцинациядан кейін бақылау аймағында оқушыларға қандағы қант деңгейін ұстап тұру үшін шай, тәттілер ұсынылады.
"Балаларға ең алдымен назар аударып, қамқорлық таныту қажет. Олар еш алаңдамас үшін біз барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Менің ойымша, балаға да, ата-анаға да осылай ыңғайлы", - деп қосты дәрігер.
Оқушылардың ата-аналары да бұл пікірмен келіседі және медицина қызметкерлерін қолдайды.
"Мектеп балаларға қалай қамқорлық жасайтынын, вакцинация процесіне өте мұқият қарайтынын байқаймыз. Бәріміз де аздап алаңдаймыз, бірақ балалардың денсаулығына ұқыпты қарағандарын көріп, біздің де көңіліміз тынышталды. Олармен бірге егу кабинетіне кіреміз, бірге отырамыз және 30 минут күтеміз, ең бастысы – бәрі тыныш өтеді", - деп атап өтті жоғары сынып оқушысының анасы Майрагүл Ажетова.
Бүгінде қала бойынша 90 жүкті әйел, 1 357 бала емізетін ана және 2 877 жасөспірім Pfizer вакцинасын алды. Қала бойынша бірінші компонентпен барлығы 466 мыңнан астам адам вакцинацияланды.