Елорда – қазақтың бақ жұлдызы
Өткенге сәл шегініс жасайтын болсақ, тәй-тәй басқан жас мемлекет талай ішкі және сыртқы сын-қатерлермен бетпе-бет келіп, алынбас қамалдай болып көрінген қиындықтарды еңсерді. Бұған бар күш-жігерін жұмсады. Сол жылдары жаппай орын алған әлеуметтік және экономикалық проблемалар қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған болатын. Еңсемізді көтеруге мұрша бермеген-ді. Жер-жерде кәсіпорындардың өз жұмысын тоқтатуы, еңбекақы мен зейнетақының уақытында төленбеуі, дүкен сөрелеріндегі тауар тапшылығы, инфляция жалғаса берді.
Дегенмен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолға алған кешенді шаралардың нәтижесінде кемшіліктер біртіндеп түзеле бастады. Егемендіктің әрбір күнінің астарында еселі еңбек, ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндердің жасырынып жатқанын жан-жүрегімізбен сезінеміз.
Әсіресе әрбір қазақстандық үшін Тәуелсіздіктің жетінші жылы, яғни 1997 жыл ерекше маңызға ие болғаны сөзсіз. Бұл кезде еліміз қордалы қиындықтарды сәтті еңсеріп қана қойған жоқ, Қазақстан өзінің болашақтағы жүру бағытын, даму даңғылын дөп басып таба білді. Сол жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаңа астанасын құру туралы идеясын көпшілікке жеткізген болатын. Атап айтқанда, 20 қазан күні Ақмола қаласын Қазақстан Респбликасының астанасы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойылды. Сөйтіп, елорданы Алматы қаласынан Ақмолаға ресми көшіру сол жылдың соңында жүзеге асты.
Міне, содан бері тура 24 жыл өтті. Жас мемлекеттің елордасы осы жылдар ішінде көз ілеспес жылдамдықпен дамып, құлпыра түсті. Бүгінде еліміздің бас шаһары барша әлем сүйсіне қарайтын сұлу шаһарлардың біріне айналды десек, артық айтпаспыз. Себебі елорда – егемендіктің, қазақ халқының бақ жұлдызы.
Қанат Атаманов