Елордада Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған ескерткіш ашылды
Салтанатты іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов, грек-рим күресінен екі дүркін Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл мен бірқатар спорт және қоғам қайраткері қатысты.
Ескерткіштің ашылуында сөз алған Ақтоты Райымқұлова күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын атап өтуге еліміздің барлық өңірі бір кісідей жұмылып, ерекше атсалысып жатқанын атап өтті.
«Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Ол бүкіл ғұмырын күрес өнеріне арнап, елімізді өзге жұртқа паш еткен. Бүгін ер есімін ұлықтауға арналған сондай іс-шараның бірінде бас қосып тұрмыз. Елорда төрінде күш атасы Қажымұқан бабамыздың ескерткішін салтанатты түрде ашқалы жатырмыз. Сіздермен бірге осы абыройлы іс-шараның басы-қасында болу мен үшін зор мәртебе деп санаймын. Сонымен қатар қаламыздағы «Жас батыр» спорт кешені бұдан былай «Қажымұқан» спорт кешені деп аталады. Бұл іс-шаралар балуанға көрсетілген тағзымның шағын да болса, маңызды көрінісі. Алдағы уақытта да аңыз адамның рухын асқақтатып, ерлігін келер ұрпаққа жеткізу біздің мақсатымыз болып қала береді», - деді министр.
Министрдің айтуынша, жыл басында атақты балуанның есімін ұлықтау, мәңгілікке есте қалдыру мақсатында арнайы жалпыреспубликалық іс-шаралар жоспары əзірленген. Соған сәйкес, арнайы пошта маркалары шығарылып, «Қажымұқан» көркем фильмінің түсірілген. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінде марафондар, дөңгелек үстелдер, тақырыптық ашық сабақтар, бірнеше халықаралық конференция, турнирлер мен басқа да іс-шаралар өткізілді.
Айта кетейік, ескерткіштің жалпы биіктігі 5,7 метр (тұғыры - 2,2 метр, мүсін 3,5 метр). Авторлары – Жалын Бауырқан мен Болатбек Салаев.