ЕҰУ-де «Қазақ радиосының» студиясы ашылды
Студияның ашылу салтанатына әр жылдары еңбек еткен сала ардагерлері қатысты. Бұдан былай белгілі журналистер студенттерге заманауи контент туралы дәрістерін оқып, шеберлік сыныптарын өткізеді. Жас жүргізушілердің оқытушыларымен бірлесе дайындаған жобалары тікелей эфир хабарына жолданады. Студия болашақта мықты мамандарды дайындау үшін таптырмас алаң болмақ.
«Осыдан 100 жыл бұрын Орынборда қазан айының алғашқы күндері Ахмет Байтұрсынов қазақ радиосын қаһармандықпен өмірге әкелген екен. Содан бері бұл радио кәдімгі тұрмысымызға еніп, жан серігімізге айналды», - дейді ақын-журналист Жүрсін Ерман.
Сондай-ақ ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, ашылып жатқан радиостудияның маңызына тоқталды. Оның айтуынша, университетте Президент телерадиокешені сыйлаған телестудия мен «Хабар» агенттігінің аудиториясы жабдықталған.