Биыл Нұр-Сұлтанда 27 адамға иіс тиген, оның 19-ы – бала
Аталмыш департамент өкілдері "Asia Park" сауда, ойын-сауық орталығында "Қазіргі заманның қаһармандары күнін" өткізді. Онда өрт сөндіру техникалары мен арнайы құралдар, кинологиялық және құтқару жабдықтары көрмеге қойылып, халыққа өрттің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жасалатын амалдар түсіндірілді. Елордалық ТЖД 14 тамыздан бастап қала аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» іс-шарасын өткізіп келеді.
«Іс-шара үш кезеңнен тұрады. 1-кезеңде біз халықтың әлеуметтік осал топтары мен жатақханаға қайта жабдықталған үйлерді аралап, жылыту маусымына дайындығын тексереміз. Қазір елордада әлеуметтік осал топқа жататын 1792 отбасы бар. Өкініштісі, олардың бәрінде-дерлік жеке баспана жоқ. Құжатта көрсетілген мекенжай бойынша барсақ, кейбіреулер көшіп кеткен болып шығады. Қауіп төнуі мүмкін үйлерді тегіс қамтуымызға осы жайт кедергі келтіріп тұр», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы.
Оның айтуынша, 2-кезеңде қала аумағындағы саяжайларды аралайды.
«Бүгінде Нұр-Сұлтанда 6 мың шақты саяжай бар. Саяжайлар жылдың белгілі бір мезгілінде уақытша тұруға арналғандықтан, көбіне-көп қысқы суыққа бейімделмеген, жүргізілген электр желілерінің оқшаулағыш қабатты бұзылған, өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Сондықтан қыс айларында өрт шығу қаупі жоғары», – дейді басқарма бастығы.
Айлықтың 3-кезеңінде жеке тұрғын үйлердің тұрғындарына түсіндіру жүргізіледі. Қазіргі таңда астанада 33 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Департамент өкілінің мәліметінше, жыл басынан бері қала аумағында 501 өрт тіркелген. Бұл былтырға қарағанда 38%-ға көп. Өрт кесірінен 139 млн 332 мың теңге материалдық шығын келген. Өрт фактілері кезінде 54 адам құтқарылып, 310 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген, 12 адам жарақат алған. Биыл болған өрттердің 46%-ы тұрғын үй секторына тиесілі. Тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі себептері ішінде пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (72 жағдай немесе 32%), электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу ( 67 жағдай немесе 30%), халықтың отпен абайсыз болуы (59 жағдай немесе 26%) бар. ТЖД өкілдері:
- алдағы жылыту маусымына жылыту жүйелерін жөндеу және дайындау;
- тікелей жылыту маусымының алдында жылыту пештері мен жүйелерінің түтін құбырларын, түтіндіктерін және басқа элементтерін, сондай-ақ кемінде үш айда бір рет күйеден тазалауды жүргізу;
- электр сымдарын тексеру, ескірген және уақытша схема бойынша салынған электр сымдарын ауыстыру бойынша шаралар қабылдау;
- электр желілерін шамадан тыс жүктемеу, жылыту үшін қолдан жасалған стандартты емес электр жылыту құралдарын пайдаланбау;
- пешті қыздырмау, жанатын материалдарды, киімдерді жанып жатқан пеште кептірмеу;
- ауланың аумағын құрғақ шөптен және жанғыш қоқыстардан тазарту, күл жинау үшін қауіпсіз орынды алдын ала анықтау;
- балаларды үйде ересектердің қарауынсыз қалдырмау керегін ескертеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда елордада 12 өрт сөндіру бөлімі бар, онда 1700-ден астам өрт сөндіруші жұмыс істейді. Олардың төтенше оқиға орнына жету ұзақтығы орташа есеппен 10 минутқа дейінгі уақытты құрайды.