«Ауғанстан басшыларымен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын» – Тоқаев
15 тамыз, 2024
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Ауғанстан басшыларымен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын» – Тоқаев](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107209237487567.webp)
ашық дереккөз
«Сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде, елшілер алдында Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты қабылдаған шешімдеріне тоқталдым: «Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер. Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер осындай ниет білдіретін болса, сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшыларымен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын» деп жазды ол Instagram-дағы парақшасына.
Сондай-ақ Президент әзірге Ауғанстандағы дүрбелеңнің өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұрғанын айтты. Қазақстан билігінің зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
«Тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің шын мәнінде байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенемін. Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз елде қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз. Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек. Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұқсас жаңалықтар