1 маусым күні елордада төртінші Astana Half Marathon өтеді

27 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
1 маусым күні елордада төртінші Astana Half Marathon өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастыратын астаналық ең ауқымды жарыс Astana Half Marathon жаңартылған бағытпен 8 мың қатысушыны жинайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Іс-шараға барлық қала тұрғындары қатыса алады.

Биыл ұйымдастырушылар жартылай марафонның жарыс жолын жаңартты: қатысушылар Астананың көрнекті орындарының жанынан жүгіріп өтеді – Тәуелсіздік алаңынан бастап «Арқар» және «Сығанақ – Мәңгілік Ел» көпірлері арқылы, «Ақорда» мен Есіл өзенінің жағалауына, одан әрі «Бәйтерек», Abu Dhabi Plaza және EXPO кешендерінің қасынан өтеді.

Жарыс дәстүрлі түрде 4 қашықтықты ұсынады: 21,1 км (жартылай марафон), 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс және командалық Экиден эстафетасы.

Ұйымдастырушылар кәсіби спортшылар мен әр жастағы әуесқой жүгірушілерді қатысуға шақырады.

«Төрт жыл бұрын «Бірінші болу – батылдық» қоры Astana Half Marathon жарысын елордада жүгіру мәдениетін насихаттау мақсатында ұйымдастырған болатын. Бүгінде барлық әлемдік астаналарда жүгіру дәстүрге айналған. Біздің Астанада биіктік айырмашылығы аз, жазғы ауа райы қолайлы, басқа қалалармен байланыс жақсы жолға қойылған – мұның бәрі жүгіру жарыстарын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Өткен жылы бізге 45 елден 6 мың қатысушы қосылды. Биыл бұдан да көп спортшыны шақырып, халықты жүгіруге тарту жұмысын жалғастырамыз», - деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Белгіленген уақыт ішінде қашықтықты сәтті аяқтаған барлық қатысушыға медаль табысталады.

Айта кету керек, бұл жарыс Халықаралық марафондар және ұзақ қашықтыққа жүгірулер қауымдастығына (AIMS) кіреді, бұл ұйымдастыру сапасының жоғары деңгейде екенін және халықаралық стандарттарға сай келетінін білдіреді. Жартылай марафон трассасы World Athletics талаптарына сай сертификатталған. Іс-шараның ұйымдастырушысы – 2012 жылдан бері Қазақстанда бұқаралық спортты дамытуға белсенді атсалысып келе жатқан «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры. Қор жыл сайын 10-нан астам спорттық іс-шара өткізеді.

Astana Half Marathon Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.