00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қиыр Шығысты қорғады

13 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қиыр Шығысты қорғады
ашық дереккөз

Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдары ардагері Василий Сонин – елорданың байырғы тұрғыны. Жалындаған жиырма бес жасында Ақмолаға келген майдангер осында ширек ғасыр бойы қоғамдық тәртіпті күзетті. Бүгіндері майдандағы жылдары мен бейбіт күндегі қызметінен сыр шертетін, сондай-ақ, отбасылық фотосуреттерді үйінің бір бөлмесіне тізіп қойыпты. Мұны көргенде бейне бір шағын фотомузей дерсің. Вася ата Қызыл әскер қатарына 17 жасында, 1943 жылдың күзінің қысқа ұласар шағында шақырылды. Күні де әлі есінде, 17 қараша күні Приморье өлкесіндегі №10021 әскери бөліміне топ ете қалды. Командирлер жас жігіт әскери іске әбден машықтансын деген болуы керек, атқыштардың қасына қосып, ұзақ уақыт мергендікке үйретті. Не керек, екі жылға жуық уақыт осы жерде жүріп, соғыс жағдайындағы әрекетке шыңдалып шықты. 1945 жылдың 9 мамырында Жеңіс жалауы желбіреді. Бірақ майдангер үшін нағыз қанқасап осыдан кейін басталды. Тамыз айында Жапония Кеңестер Одағына соғыс жариялады. Вася ата қызмет еткен әскери бөлім шұғыл Жапониямен шекараға жетті. – Сағат түнгі бірдің шамасында шекараны кесіп өтіп, таңғы төртке дейін тоқтамай жүрдік. Бүкіл Маньчжурияны жаяу кешіп өттік. Яньцзи қаласына дейін бардық. Содан соң Пхеньянға бет алып, Солтүстік Кореяны азат еттік. Үш жыл бойы осы елдің тыныштығын күзеттік. Мен полк штабында аға байланысшы болдым. Ал 1948 жылы корей әскері құрылып, біз Қиыр Шығысқа қайтып оралдық, – дейді майдангер. Ардагер әскер қатарында 1950 жылға дейін болды. Содан кейін туған еліне қайтып оралды. – Тепсе темір үзетін жиырма бес жастағы жас жігітпін. Күш-қуатым тасып тұр. Ақмолада туыстарым тұратын еді, солар Қазақстанға шақырды. Ойланбастан келдім. Бастапқыда жұмыс болмады. Содан бір күні майдандас досымды кездейсоқ кездестіріп қалдым. Қалалық милицияда қызмет етеді екен. Ол бірге жұмыс істейік деп үгіттеп, бастықтарына апарды. Алдыма сауалнаманы қойды. Соны толтырдым. Ақыры Ақмола қалалық Ішкі істер басқармасына қызметке қабылдандым. Кейіннен ведомствоаралық күзетте жұмыс істедім. Өмірімнің ширек ғасырын ішкі істер органдарына арнап, зейнеткерлікке шықтым. Болашақ астанада үйленіп, осы жерде балаларым, немере, шөберелерім туды, – дейді Вася ата. Ардагерді өзі қызмет істеген кешегі Ақмола, Целиноград қалалық Ішкі істер басқармасы, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті ұмытпайды. Атаулы күндері шаңырағына үнемі барып, мерекемен құттықтап тұрады. Былтыр Қарттар күнінде департамент басшысы Ержан Сәденов үйі­не кіріп шығып, құттықтады. Сый-сыяпаттарын жасады. Басқа мекемелер мен ұйымдар да көңілін біліп жүреді. Екі жыл бұрын «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Әділ Ағытаевтың Жеңіс күнімен құттықтап шыққаны да бар. Соған майдангер риза. – Бізге қазір осы керек. Төрімізден көріміз жақын уақытта жападан-жалғыз отырмасақ деп тілеймін. Мен өзім туралы ғана емес, соғыс жылдарындағы қантөгіске шыдап, Отан-ананы қорғап қалған майдандастарым жайында айтып отырмын. Біз елімізді, жерімізді қорғау мақсатында ғана өлімге бас тіктік, – дейді «Қызыл Жұлдыз», «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған майдангер.  

Аманғали Қалжанов    

«Астана ақшамы» газеті