Жыл сайын барлық өндірілген жүн көлемінің тек қана 17%-ы өңделеді - депутат


Сенат отырысында депутат Әлібек Нәутиев Қазақстан Премьер-министрінің атына сауал жолдап, жүн өңдейтін кәсіпорындарға қолдау көрсету қажеттігін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде жүнді қайта өңдеу мәселесі өткір қойылып отыр. Жыл сайын барлық өндірілген жүн көлемінің тек қана 17%-ы өңделеді.
Ауыл шаруашылығында өнімді терең өңдеудің негізгі проблемасы жүнді өткізу болып табылады.
«Мысалы, «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен түйе, қой жүнін бастапқы өңдеу және иірім жіп пен шұға инвестициялық жобасын іске асыру шеңберінде 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-і өнімді өткізе алмау жағдайына байланысты бүгінгі таңда банкроттық жағдайда.
Кәсіпорында жүнді жуудан бастап, мамық талшықтарды бөліп алу, оларды әлемдік сұранысқа сәйкес келетін дайын өнімді өндіруге дейінгі қайта өңдеудің барлық желісі жасақталған. Сондай-ақ өнімді шетелдік нарыққа шығаруға мол мүмкіндігі бар.
Кәсіпорын өңірдегі табиғи жүннің бірнеше түрлерін жүзеге асыратын отандық нарықтағы жалғыз тоқыма кәсіпорны болып табылады.
Соңғы 5 жылда аталған кәсіпорынның өнім өндіру бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысуы еш нәтиже бермеуде. Себебі тауарлардың осы түрі бойынша сатып алу жалпы түрде жүзеге асырылады да, нәтижесінде өнімді өндірмейтін, техникалық сипаттамасына байланысты тапсырысты орындай алмайтын жеткізушілер жеңімпаз болуда. Кәсіпорында барлық технология сақталып, өнім өндіруге мол мүмкіндік болғанмен, өнімге тапсырыс болмағандықтан, қазір барлық жұмысшылар ақысыз демалысқа жіберілген.
Өткен жылы біздердің тарапымыздан жоғарыда аталған кәсіпорынның қиын жағдайы туралы депутаттық сауал жолданған болатын. Алайда берілген жауап қорытындысы бойынша осы кезеңге дейін ешқандай мәселе өз шешімін таппады», - деген депутат жүнді қайта өңдеуді толық жүзеге асыратын отандық кәсіпорындарға жуудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі басымдық беру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Оның айтуынша, бұл өңірлік және ұлттық экономиканың дамуына оң серпіліс бермек.



