KÓKBÓRI инвестициялық монеталары сатылымға шығады
Қазақстан Ұлттық Банкі 2024 жылғы 6 наурызда KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын сатылымға шығарады, деп хабарлайды Elorda.info.
Жаңа KÓKBÓRI инвестициялық монеталары – ALTYN BARYS және KÚMIS BARYS инвестициялық монеталарына жасалған ҚҰБ ребрендингінің нәтижесі.
KÓKBÓRI дизайнында «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясындағы монеталардың стилистикасы қолданылған. Эксклюзивті дизайнның арқасында KÓKBÓRI инвестициялық монеталары тек инвестициялық тұрғыда ғана емес, коллекциялау үшін де тартымды болып келеді.
Инвестициялық монеталар алғаш рет екі нұсқада жасалып отыр:
- номиналы 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік, proof сапада алтыннан соғылды.
- номиналы 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік, uncirculated сапада алтыннан соғылды.
- номиналы 1, 2, 5, және 10 теңгелік, proof сапада күмістен соғылған.
- номиналы 1, 2, 5, және 10 теңгелік, uncirculated сапада күмістен соғылған.
Proof сападағы алтын және күміс монеталарды дайындау кезінде интерференциялық құбылмалы қабат түріндегі қорғаныш элементі қолданылған. Сонымен бірге, uncirculated сападағы монеталардан айырмашылығы, бұл монеталар жеке ағаш қораптарда, қара (алтын монеталар үшін) және ақ (күміс монеталар үшін) түстерде шығарылады.
Инвестициялық монеталары Ұлттық банктің аумақтық филиалдары арқылы, ал коллекциялық монеталар kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатылады.
Инвестициялық монеталар Қазақстан теңге сарайында жасалған.