Үкімет шегірткемен күреске 4 млрд-қа жуық қаржы бөледі
Үкімет шегірткемен күреске 4 млрд-қа жуық қаржы бөледі, деп хабарлады Elorda.info.
Атап айтқанда, Үкімет резервінен үйірлі шегірткелердің жаппай таралуының алдын алуға, жайылымдарға зиянын тигізбеуге, ауыл шаруашылығы дақылдарын жоюына жол бермеу. Сондай-ақ көрші мемлекеттердің іргелес аумақтарына да зиянын тигізбеу үшін олардың таралуы мүмкін барлық болжамды аймақта толық көлемді химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша шұғыл шығындарға 3,9 млрд теңге бөлінді.
Елімізде соңғы жылдары үйірлі шегірткелердің таралу аумағының ұлғайғаны байқалады: 2020 жылы – 514 мың га, 2021 жылы – 626 мың га, 2022 жылы – 975 мың га. 2023 жылы таралу алаңы 1 585 мың га болады деп болжанғанымен, іс жүзінде 1 616 мың га өңделді. 2023-2024 жылдарға шегірткенің жаппай таралуының 11 жылдық циклінің үдемелі кезі сәйкес келеді.
Биыл республикалық бюджеттен 1 270,6 мың га алқапты өңдеуге 4,2 млрд теңге бөлінген еді. Алайда, 2024 жылы нақтыланған жалпы болжам бойынша үйірлі шегірткенің таралу аймағы ұлғайып, 2,5 млн га жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, шамамен 1 млн гектарға артық.
Бөлінген қосымша қаражат 1,3 млн га алаңда зиянкес үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады.