Елімізге келген шетелдік туристер саны 37%-ға артты
Биылғы қаңтардан қыркүйек айына дейін елімізге 834,9 мың шетелдік турист саяхаттаған. Бұл – былтырғы көрсеткішке қарағанда 225 мың адамға көп. Яғни, өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға артқан. Былтыр елімізге 609,8 мың шетелдік келген, деп хабарлады Elorda.info.
9 айдың қорытындысы бойынша, 2023 жылы орналастыру орындары қызмет көрсеткен ішкі туристер саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 553 мыңға артып, 5,4 млн адамға жетті. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,3 миллион адамға көп (2019 жылдың 9 айында 4,1 млн адам).
Кейінгі жылдары шетелдік туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы арта бастағаны байқалады. Мәселен, биыл елімізге 800 мыңнан астам шетелдік келген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,4 миллионға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар. Бұған еліміздің көрсе көз тоятын табиғи сұлулығы, мәдени бай мұрамыз және қонақжайлығымыз дәлел бола алады. Біз елімізді туристер үшін одан да тартымды әрі қызықты ету және байтақ жерімізге табаны тиген әрбір саяхатшыға ұмытылмас әсер қалдыру үшін тырысамыз», - деп атап өтті ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының м.а. Нұртас Кәріпбаев.