Қазақстанда банктер арасында телефон нөмірі бойынша ақша аудару қашан іске қосылады

Қазақстанда банктер арасында телефон нөмірі бойынша ақша аудару қашан іске қосылады
Pixabay.com

Қазақстан банктері арасында телефон нөмірі бойынша ақша аудару және QR арқылы төлем жасау қашан пайда болатыны белгілі болды. Бұл туралы Ұлттық банкте өткен брифингте төрағаның кеңесшісі Бинұр Жәленов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бүгінгі таңда банктерді кезең-кезеңімен жүйеге қосу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ұлттық төлем корпорациясы 9 банкпен келісімшартқа отырды. Олардың қатарында Halyk Bank, Freedom, RBK, Алтын банк, Home Credit, Банк Центркредит, Береке, Forte және Nurbank бар. Маусым айында алғашқы бес банктің клиенттері үшін телефон нөмірі бойынша банкаралық аударымдар қолжетімді болады деп күтіп отырмыз, содан кейін бұл жүйеге барлық банк қосылады.

Банкаралық QR төлемдеріне келер болсақ, бұл жерде де функционал дайын. Freedom және RBK өзінің құзырындағы жұмысты аяқтады. Тағы 4 банкте жұмыс әлі жүріп жатыр. Бұл функция жыл соңына дейін бірқатар банкте толық іске қосылады деп күтеміз.

Ұлттық банк "Банктер туралы" жаңа заң аясында барлық банкті осы экожүйеге міндетті түрде қосуды көздейтін түзетулер енгізуге бастамашылық етті. Келесі жылдың басынан бастап әр банк жүйеге қатысады деп күтеміз", - деді Бинұр Жәленов.