Француз инвесторлары Қазақстанға 50 млн еуро салады
Француз компаниясы Қазақстанға 50 млн еуро инвестициялауға ниетті, деп хабарлады Elorda.info.
LS жазуынша, инвесторлар локомотивтер мен жылжымалы құрам жабдықтарын өндіріп, техникалық қызмет көрсетуге мүдделі. Сондай-ақ, Франциядан келген компания теміржол инфрақұрылымының жобаларына инвестиция салуды жоспарлап отыр.
СІМ-де инвестициялардың жалпы көлемі 50 млн еуроны құрауы мүмкін екенін атап өтті. Іске асырылу мерзімі 2024 жылға дейін қолға алынбақ.
Сервистік орталықтар Астана, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында орналасуы мүмкін. Сондай-ақ, жоба аясында инвестор 1 мыңнан астам жергілікті мамандардын оқытуды алға қойып отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда француз компанияларының қатысуымен 42,7 млрд теңгеге бес жоба іске асырылуда, оның екеуі іске қосылды.
Мәселен, өткен жылы Жамбыл облысында 7,5 млрд теңгеге бетоннан, құрылыс гипсінен және цементтен жасалған басқа да бұйымдар өндірісі пайда болды. Ал Маңғыстау облысында 7,03 млрд теңгеге бұрандалы сорғылар мен жетектерді шығарудың бірінші кезеңі басталды.
28,2 млрд теңгеге бағаланған қалған үш жобаға келетін болсақ, оларды 2023-2024 жылдары іске асыру жоспарлануда. Мысалы, биыл француз инвесторы әуе жолаушылары туралы деректерді жинаудың автоматтандырылған жүйесін құруға және енгізуге көмектеседі. Жоба құны – 10 млрд теңге.
Бұған дейін, тағы бір француз компаниясы Қазақстанда қуаттылығы 1 ГВт болатын жаңа жел электр станциясын салуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын. $2 млрд-ға бағаланған жоба 2026-2027 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында пайдалануға берілуі мүмкін.