«Ұлттық қор – балаларға»: 18 жасқа толғанда шотында 3 500 доллар жиналады
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Сенат отырысында «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында баланың шотында 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналатынын айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Вице-министр мәліметінше, қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың шотына аударылады. Жоба операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болады.
Сәби дүниеге келген кезде Әділет министрлігі Жеке тұлғалардың деректері базасы негізінде шот автоматты түрде ашылады. Ұлттық қордың инвестициялық табысы баланың шотында 1 қаңтарда аударылып тұрады.
Жекелеген кезеңдерде инвестициялық кіріс теріс мәнде қалыптасуы мүмкін екенін ескеріп, инвестициялық табыстың ставкасын өткен жылдардағы орташа жылдық мән негізінде айқындау жоспарланып отыр. Болжамдық бағалаулар бойынша мұндай әдіс бағдарламаға туған сәттен бастап қатысқан балаға 150-160 АҚШ доллары мөлшерінде 18 жылсайынғы төлем алуға мүмкіндік береді, - деді Қаржы вице-министрі.
Оның айтуынша, Ұлттық банк Ұлттық қордың өткен жылдардағы орташа кірісін ескеріп, инвестициялық табыстың 50%-ын есептейді.
Инвестициялық табыстың ставкасын 18 жылдағы орташа жылдық мән деңгейінде айқындау ұсынылып отыр. Сонда баланың (18 жасқа толғанда) жинаған сомасы 3500 долларды құрайды деп болжанып отыр, - деді вице-министр.
Сондай-ақ Дәурен Темірбеков қазақстандық 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда болатынын және қаржы құралдарына инвестицияланатынын жеткізді.