Үкімет 2023 жылға арналған басым міндеттерді белгіледі
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды, деп хабарлады Elorda.info.
Былтыр экономиканың нақты өсімі 3,1%-ды құрады. Нақты сектор, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы оң көрсеткіштер тұрақты өсудің негізгі факторы болды, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы бағаның өсуін ұстап тұру жұмыстары басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті. Инфляцияға ең алдымен, азық-түлік бағасының өсуі себепші болып отыр.
Біздің міндетіміз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5% шегінде болуы керек. Бұл – өте күрделі міндет. Сондықтан, кез-келген проблеманың алдын алу шараларына баса мән беріп, жұмыла әрекет етуіміз қажет, — деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының пікірінше, бизнеске қатысты жаңа реттеушілік саясат түсінікті әрі әділ болуға тиіс. 2023 жылы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 3,8 млн адамға дейін арттыру қажет.
Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп қысқарту және барлығына тең мүмкіндіктер беру. Бұл кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы іске асырылуы тиіс.
Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін Жалпы ішкі өнімнің 14,4%-ына дейін қысқартуымыз керек. Биыл Жекешелендірудің кешенді жоспарының 90%-ын орындау қажет, – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты. Тозығы жеткен электр, жылу және сумен жабдықтау желілерін азайту үшін түпкілікті шаралар қабылдап, «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету қажет.
Әлихан Смайылов биыл Үкімет алдында жаңа Салық кодексін дайындау міндеті тұрғанын атап өтті. Ол салық заңнамасын жеңілдетіп, өндіріс көлемі мен инвестицияларды ұлғайтуға, инновацияларды енгізуге, жұмыспен қамтуға ынталандыруы тиіс. Салықтық әкімшілендіру толығымен тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделуі керек.
Қорытындылай келе, Премьер-министр Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру жалғасатынын айтты. Әкімшілік реформа шеңберінде саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттырып, өкілеттіктерді орталықсыздандыруға баса назар аударылады.
Әріптестер! Мұның барлығы – осы жылы іске асырылатын маңызды міндеттер. Министрлер мен әкімдер әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткіштерін ерекше бақылауда ұстап, олардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, — деді Әлихан Смайылов.