00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстанда сүт өнімдері бір жылда 28 пайызға қымбаттады

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстанда сүт өнімдері бір жылда 28 пайызға қымбаттады

Еліміздің бес өңірінде баға 30%-дан артық, бір өңірде 40%-дан артық қымбаттаған, деп хабарлады Elorda.info.

Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, биылғы қазан айының қорытындысы бойынша, елде сүт өнімдерінің бағасы бір жылда 28,2% өсті. Оның ішінде ішетін сүт – 28,3%, сүт консервілері – 39,2%, ашыған сүт өнімдері – 29,2% қымбаттады. Ашыған сүт өнімдерінен йогурт – 36,5%, айран – 19,7%, қаймақ – 33,6%, сүзбе – 14,8%, қатты ірімшік – 31,4% қымбаттады.

Өңірлер бойынша сүт өнімдері ең көп қымбаттаған Маңғыстау облысы: бір жылда 42,2%. Одан кейін Қарағанды облысы (31,6%) және Шымкент (31,3%).  

Биыл қаңтар-қазан айларында сүт өнімдері өндірісі 396 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 15,8% артық.

Өңделген сұйық сүт пен кілегей өндірісі физикалық көлемі 6,2% азайып, 472,5 мың тоннаға жетсе, сары май мен сыдырма – 9%, 20,9 мың тоннаға дейін, сүт спредтері – 26,6%, 4,7 мың тоннаға дейін, ірімшік және сүзбе – 2,5%, 30,5 мың тоннаға дейін, қоюландырылған сүт пен кілегей – 5,5%, 7 мың тоннаға дейін, йогурт – 3%, 191,7 мың тоннаға дейін, шұбат – 37,5%, 2,4 мың тоннаға дейін көбейді.

Қатты күйдегі сүт өндірісі бір жылда 16,3%, 6,8 мың тоннаға, қымыз – 6,7%, 1,3 мың тоннаға дейін өсті.

Биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша, жергілікті кәсіпорындар өңделген сұйық сүт пен кілегейге сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) 96%-ға қамтамасыз етті. Осы кезеңде ҚР-да 373,4 мың тонна өнім өндірілді, 15,6 мың тонна импортталды. Өнімнің 10,1 мың тоннасы экспортқа жіберілсе, қалған 378,8 мың тоннасы ішкі нарыққа сатылды.

Сары маймен қамтамасыз ету бір жыл бұрынғы 85,1%-бен салыстырғанда 75,1%-ды құрады. Жыл басынан бері өндіріс 10,7% азайып, 16,3 мың тоннаны құрады. Бұл ретте импорт 69,1% артып, 5,4 мың тоннаны құрады. Ішкі нарықта 19,6 мың тонна май сатылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 9,8% артық.

Жергілікті компаниялар ірімшік пен сүзбе нарығын бір жыл бұрынғы 55%-бен салыстырғанда 53,2% қамтамасыз етті. Импорттың үлесі тиісінше 46,8%-ды құрады. Елге 21,5 мың тонна өнім әкелінді, көрсеткіш 7% өсті. Ішкі нарықта 44,1 мың тонна сатылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,5% артық.