Министрлік «Жабайы Арманның» әрекетіне түсініктеме берді (ВИДЕО)
«ҚР Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан бокс федерациясы Белград (Сербия) қаласында спортшыларды дайындауға, бокстан қазақстандық делегацияны басқаруға, сүйемелдеуге және олардың коммуникациясына жауап береді. Ұлттық құраманың жекелеген боксшыларына ақша беру – федерация мен министрліктің ресми тұлғасы болып саналмайтын азаматтың жеке бастамасы. Қазір Сербияда Қазақстан бокс федерациясының басшылығы мен жаттықтырушылар құрамы бар. Соларға министрлік аталған факті бойынша түсініктеме алу үшін ресми сұрау жіберді» делінген ресми хабарламада.
Соған сүйенсек, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, бокстан ұлттық құрама командасының спортшыларын сапалы даярлау үшін барлық жағдай жасалған.
«Министрлік бокстан ұлттық құраманың даярлығына, жиынына және халықаралық жарыстарына 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге (3,5 миллион АҚШ доллары) бөлді. Сондай-ақ түрлі халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарындағы жеңісіне, соның ішінде әлем чемпионаттарында мынадай мөлшерде ақшалай төлемдер қарастырылған: 1-орын үшін 15 мың АҚШ доллары; 2 орын үшін 7 мың АҚШ доллары; 3-орын үшін 5 мың АҚШ доллары. Сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына келесі мөлшерде: 1-орын үшін 10 мың АҚШ доллары; 2 орын үшін 5 мың АҚШ доллары; 3-орын үшін 3 мың АҚШ доллары қарастырылған», - дейді министрлік өкілдері.
Демек «Жабайы Арманның» әдеттегідей әлеуметтік желідегі жеке пиары үшін жеңілген боксшыларға үлестіріп жүргені – олардың онсыз да қамтамасыз етіліп отырған мемлекеттік қолдауының қасында «тиын-тебен» ғана. «Жеңілгенді жер көтерер» деген тәуір тәмсілге салсақ, бұл жолғы бәсекеде қазақ боксшыларының рухы түсе қалып, соны Түркиядағы қылмыскеріміз көтере қойды деген дақпырт елдігімізге сын болса керек.