00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Атыраудағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіруге 11 млрд теңге бөлінді

Атыраудағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіруге 11 млрд теңге бөлінді
Фото: azh.kz сайты

Атырауда жақын арада қаладағы жалғыз тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын қалпына келтіру жұмыстары басталады, деп хабарлады Elordainfo.kz azh.kz сайтына сілтеме жасап.

Полигон Алмалы ауылдық округіне қарасты Береке ауылында орналасқан. Күні кеше мемлекеттік сатып алу порталында қалпына келтіру бойынша тендер жеңімпазы «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» ЖШС боп анықталды. Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. 

Белгілі болғандай, келісім осы жылдың 9 қыркүйегінде жасалған. Жұмыс құны (ҚҚС-мен) 11 млрд 36 млн 623 мың теңгеге бағаланып отыр. Кепілдік мерзімі – 84 ай. Мемлекеттік сатып алу рейтингтік-баллдық жүйе бойынша конкурс арқылы жүзеге асырылды. 

«Экологтар атап өткендей, ҚТҚ полигоны - «Сасықсай», «Квадрат» булану кен орындары мен Атырау мұнай өңдеу зауытынан басқа, қоршаған ортаны ластау көздерінің бірі. Жасыратыны жоқ, Атырау полигоны әбден ескірген – ол 1977 жылы ашылған. Бұған дейін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Әлия Бекешова полигон 1983 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, оның қызмет ету мерзімі 2003 жылы аяқталғанын, бұл санитариялық талаптарға қайшы келетінін атап өткен болатын», - делінген хабарламада.

Полигон орналасқан 35 гектар жер телімі мемлекет меншігінде. 2020 жылы бұл учаске бес жыл мерзімге «Арнаулы автобаза» ЖШС-не сенімді басқаруға берілді. Келісімшарт 2025 жылдың 3 шілдесінде аяқталады.

«ҚТҚ полигонында қанша қоқыс жиналды? Жыл басында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі бізге қоқыс үйіндісінің биіктігі 15-18 метрге (6 қабатты ғимараттың биіктігі) жететінін хабарлады. Ол жерге күніне 350 тоннаға жуық қоқыс төгіледі. Сол кезде мұнда 3 миллион тоннадан астам қоқыс жиналғаны айтылды», - деп жазылған сайтта.

Былтыр облыс әкімі Серік Шәпкенов баспасөз мәслихатында 2024 жылы рекультивация жұмыстары басталып, полигон жабылатынын айтқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын рекультивациялау Атырау облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешуге арналған «Жол картасы» аясында жүзеге асырылуда.