00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Саламатты Қазақстан» пойызы 90 мыңға жуық адамға медициналық жәрдем көрсетті

6 желтоқсан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Саламатты Қазақстан» пойызы 90 мыңға жуық адамға медициналық жәрдем көрсетті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы бүгін «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлады Elorda.info.

«Медициналық пойыздар» жобасы аясында «Саламатты Қазақстан» пойызы 8 айдың ішінде орташа алғанда 18 мың шақырымға жуық жол жүріп, Алматы, Жетісу, ШҚО, Абай, Павлодар, Ақмола, СҚО, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл сынды 17 облыстағы 121 шалғай станцияны қамтыды. 

Сондай-ақ биыл азаматтарға құқықтық қолдау да көрсетілді. Мамандар жалпы 98 мыңнан астам халыққа медициналық және құқықтық көмек берді. Оның ішінде, 88 994 қазақстандықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алды. Олардың 19 222 –бала. 191 мың адамға дәрігерлік кеңес беріліп, 11 мыңнан астам шағын ота жасалды. 

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жұмысына «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан 590 млн теңге қаржы бөлінді. Оның есебінен дәрігерлер мен медиаторлардың, пойыз бригадаларының тамақтануы, күзет қызметі, дизельдік отын, телефон және ғаламтор байланысы шығындары өтелді. Сондай-ақ пойызды жалға алуға да ақша берілген. Ал дәрігерлерді таңдаумен Денсаулық сақтау министрлігі айналысып, шығындарды өтеді, – деді қор басшысы. 

Бұл жоба аясында ең мықты 35 кәсіби маман қызмет көрсетті. Пойыз жапон және неміс медициналық құрал-жабдықтарымен жабдықталған.

Қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография және флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлері жүргізілді, – деді Альфия Адиева.