Ербол Оспанов: Қазақстанда бірыңғай медициналық дерекқор құрылып жатыр


ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ақпараттық жүйелерді трансформациялау жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта министрлікке қарасты 17 ақпараттық жүйе бар, соның ішінде 8-ін бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіру жұмыстары басталды.
«Бұл трансформацияны ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде Бірыңғай медициналық дерекқор қалыптасып, әрбір азаматтың электрондық денсаулық паспорты цифрлық форматта қолжетімді болады», – деді Ербол Оспанов.
Жаңа жүйе азамат Қазақстанның қай өңірінде, қай медициналық мекемеге жүгінсе де, дәрігерге оның толық медициналық тарихын көруіне мүмкіндік береді.
«Әр азамат өзінің медициналық деректерін басқара алады. Ол электрондық портал арқылы қай медициналық ұйымға, қандай дәрігерге өзінің деректерін ұсынатынын өзі шешеді», – деп атап өтті вице-министр.



