Астанада әскери дәрігерлер мен пациенттерді құттықтады

8 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада әскери дәрігерлер мен пациенттерді құттықтады
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Халықаралық әйелдер күнінде Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Бас әскери-клиникалық госпитальға барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тілеухан Басқожаев Қорғаныс министрінің атынан дәрігер әйелдерге адал қызметі мен жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айтты.

– Пациенттерге деген қамқорлық пен мейірімдеріңіз үшін сіздерге рақмет. Өйткені, кейде мұның көмегі дәрі-дәрмектен кем емес, - деп атап өтті ол.   

Департамент бастығы медицина қызметкерлері мен пациенттерге құр қол барған жоқ. Ол ақ халатты абзал жандар мен емделушілерге гүл ұсынып, тәттілер тарту етті. 

– Әскери госпитальдың барлық дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне қиын әрі жауапты миссияны орындағаны үшін алғыс айтамыз, - деді Әскери госпиталь пациенті Әсем Оспанова.

Кардиоревматология бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің майоры Аян Хайруллин мен гинекология бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Айнұр Нұғыманова әділет полковнигі Тілеухан Басқожаевқа ізгі тілектері үшін алғыс білдірді.