АИТВ кезіндегі стигма мен кемсітушілікке жол жоқ


Қазіргі уақытта АИТВ індеті осал деп саналатын топтардың (секс-жұмыскерлер, есірткі қолданушылар, ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар) аясынан шығып кеткен.
Өкінішке қарай АИТВ-инфекциясы жалпы тұрғындар арасына баяу «еніп», жанұялар, ондағы балалар мен ата-аналарға әсерін тигізіп жатыр.
АИТВ/ЖИТС туралы мифтер мен инфекцияны жұқтыру қаупіне қатысты ескі көзқарас әлі де болса тұрақты. Бұл негізінен ауруды түсінбеумен, АИТВ-ның берілу жолдары туралы қате түсініктермен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының дұрыс емес мәлімдемелеріне байланысты. Бұл жағдайды ушықтыруы мүмкін: ақпараттың жетіспеушілігінен халық арасында инфекцияның жаңа жағдайлары орын алуы ықтимал және осыған байланысты АИТВ жұқтырған жұмыскерлерге қатысты азаматтарды «біз» және «олар» деп бөлетін жағымсыз көріністер орын алады. Мұндай жағдайларда стигма мен кемсітушілік эпидемияның салдарын күшейтіп, адамдардың АИТВ-статусын жарияламай, жасыруына ықпал етеді.
Астана қаласының АИТВ орталығының мамандары халық арасында: ірі және орта бизнес кәсіпорындарының еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда АИТВ бойынша ақпараттық науқандарды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіп, онда алдын алу шаралары туралы ғана емес, сонымен қатар АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға деген төзімділіктің қажет екендігі туралы айтылады.
Біздің орталықтағы психологиялық қолдау қызметі пациенттерге әрқашан қолжетімді. Дәрігер психотерапевт пациенттерге алғашқы және тестіден кейінгі кеңес пен психоәлеуметтік қызметтерді ұсынады. АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға емдеуді ұстану мәселелері бойынша психологиялық қолдау, дәрілік терапияның басталуы мен жалғасуына кедергі келтіретін бұзылуларды анықтау үшін психологиялық диагностика, емдеу бұзылыстары кезінде психологиялық түзету көрсетіледі. Өмір сүру сапасын төмендетпеу, жұмыс істеу, оқу, болашаққа жаңа өмірлік жоспарлар құру кезінде аурумен өмір сүруге мүмкіндік беретін көзқарасты қалыптастыруда моральдық қолдау маңызды рөл атқарады. Өкінішке қарай диагноздан кейін АИТВ-мен өмір сүретін адамдар стигма мен кемсітушілікке тап болғандықтан, бұл АИТВ-оң тұлғаларға медициналық көмек көрсету кезіндегі үлкен кедергілердің бірі болады.
АИТВ-инфекциясы бар азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізген сәттен бастап, мемлекет өз тарапынан АИТВ жұқтырған адамдардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуына, медициналық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне, кемсітушіліктің қандай да бір түріне жол бермеуге кепілдік береді, балаларға мектепте оқыту қамтамасыз етіледі. АИТВ әлеуметтік маңызы бар ауруларға жатады, оларда сақтандырудың болуына және халықтың жұмыспен қамтылуына қарамастан, медициналық қызметтер базалық пакетке кіргендіктен, АИТВ орталығы көрсететін медициналық көмек қолжетімді және тегін.
Денсаулық сақтау стигма мен кемсітушілікті еңсеру және болдырмау бойынша барлық шараларды қабылдайды, АИТВ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігі бойынша қолайлы жағдайлар жасалған.
АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында сіз АИТВ-ға тексеруден өтіп, гинеколог, дерматовенеролог, инфекционист, психотерапевт дәрігерлерінен кеңес ала аласыз.
АИТВ орталығы Астана қаласы, І. Есенберлин көшесі, 5/1 мекенжайында орналасқан. Сенім телефондары: 38-04-64, 38-07-02.
Ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің
дәрігер-эпидемиологы Д. Т. Бексултанова



