Жастар салық жүйесін жетілдіру мәселесін талқылады


«Азамат» интеллектуалды бағдарламасының кезекті шығарылымында салық тақырыбы талқыға түсті. Бұл жолы пікірсайыс алаңында Қазақстандағы салық жүйесін жетілдіру жолдары сөз болды, деп хабарлады Elordainfo.kz
Қатысушы командалар – Оралдан келген Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті және елордадағы Астана халықаралық университеті – көлеңкелі экономикамен күрестің, әділетті салық салудың және халықтың салыққа деген сенімін арттырудың тың механизмдерін ұсынды.
Оралдық команда салық мәдениетін қалыптастыру үшін фискальді чек талап еткен тұтынушылар арасында лотерея ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар, көлеңкелі экономиканы тежеудің заманауи жолы ретінде блокчейн технологиясын атады. Бұл жүйе мәмілелерді шифрланған түрде тіркеп, төлем мен счет-фактураның сәйкестігін автоматты түрде тексеріп, жалған транзакцияларды тоқтатуға мүмкіндік береді. Ең бастысы — жүйеге енгізілген мәліметтерді кейін өзгерту мүмкін емес, бұл салықтық ашықтықты қамтамасыз етеді.
Астана халықаралық университеті салық жүйесін ел дамуының құралына айналдыру керектігін айтты. Команда мүшелері адал салық төлеушілер үшін «салық рейтингі» жүйесін енгізу, жеңілдетілген несие мен мемлекеттік сатып алуға басымдық беру, сондай-ақ блогерлер мен фрилансерлердің табысын заңдастыратын нақты механизмдер ұсынды. Сонымен қатар, мүлік пен жер салығына әділетті прогрессивті шкала енгізу, салық заңнамасын қатаңдату қажеттілігі де аталып өтті.
Пікірсайысқа төрелік еткен қазылар – Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров, Qazaq Debate қозғалысының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан және сарапшы Сәбит Мәтиев – жастардың терең талдауы мен батыл ұсыныстарына жоғары баға берді. Тартысты пікірсайыс нәтижесінде Астана халықаралық университеті командасы жеңіске жетті.



