Жарты миллионға жуық оқушы жайлы мектептерде білім алатын болады


2024–2025 оқу жылында 254 мың оқушы орны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 460 мыңға жетіп, жарты миллионға жуық баланың заманауи, қауіпсіз және жайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік беріледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба шеңберінде білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілуде. Мектептегі кеңістіктер оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылған: бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Қауіпсіздік шаралары заманауи техникалық шешімдер арқылы күшейтіліп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құрылуда.
«Жайлы мектеп» үлгісі бойынша салынған жаңа мектептер типтік мектептерден 15–20%-ға кең, бұл қосымша оқу кабинеттері мен демалыс аймақтарын орналастыруға мүмкіндік береді. Мұндай мектептер заманауи пәндік кабинеттермен – физика, химия, биология зертханаларымен, компьютерлік сыныптармен, STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Әр оқушыға жеке шкаф пен жылжымалы парта беріледі. Санитарлық талаптарға сәйкес, мектептің әр қабатында ауызсу фонтандары орнатылған. Сонымен қатар балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту және кәсіби дағдыларды қалыптастыру үшін әмбебап шеберханалар, студиялар мен кәсіптік оқыту кабинеттері қарастырылған.
Мектеп инфрақұрылымында екі кіреберісі бар асханалар, яғни бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек тамақтану аймақтары ұйымдастырылған.