Ғылым мен білімді дамыту – ел болашағына салынған маңызды инвестиция
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ana tili" газетіне берген сұхбатында Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайту, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолында дамуы үшін жастардың рөлі, тіл саясаты, ғылым мен білім саласындағы жетістіктер мен болашақ мүмкіндіктер туралы т.б. маңызды ойлар айтылған. Бұл елдің стратегиялық басымдықтарын және қоғамның ілгерілеу бағыттарын көрсетеді. Президент сұхбаты туралы Кемел Ақышев атындағы N69 мектеп-гимназия директоры Жұлдыз Рахметова осылайша пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ғылым мен білімді дамыту - өркениеттің ұлы көшінен қалмаудың құралы. Шетелдік жоғары оқу орындарының бөлімшелерін ашу, ғылымды қаржыландыруды арттыру - бұл елдің болашағына салынған маңызды инвестициялар. Қазақстанның білім мен ғылым саласындағы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған қадамдары ұлттық әлеуетті арттырады. Осы орайда, жасанды интеллектіні енгізу, цифрландыруды дамыту өзекті мәселелер болып табылады», - деді Ж.Рахметова.
Сондай-ақ ол сұхбатта мемлекеттік тілдің рөлі туралы айтылғанына тоқталды. Оның айтуынша, қазақ тілінің әлемдік деңгейдегі орнына және оны дамытуға арналған шараларға ерекше көңіл бөлінуі маңызды. Тілді сақтап қалу және оны нығайту мақсатында шығармашылық индустрия мен креативті жастардың үлесі бағаланғаны қуантады. Цифрлық контент жасауға назар аудару да өте орынды.
«Болашақ - жастардың қолында. Ел басшысы тілге тиек еткендей, жастарға үлкен сенім артылғаны байқалады. Оларға креативті ойлау, сындарлы көзқарас қалыптастыру, еңбекқорлық пен белсенділікке шақыру өзекті. «Шетелде білім алып, тәжірибе жинау арқылы жастар елдің дамуына үлес қоса алады» деген идея қолдауға тұрарлық. Сонымен қатар, әрбір жас өз орнын тауып, өз әлеуетін жүзеге асыра білуі тиіс», - деді бұл туралы спикер.
Жұлдыз Қуанышқызы сұхбатта айтылған өзге де өзекті мәселелерге қатысты пікірін білдірді.
«Экологиялық мәдениет - адамзаттың өмірі мен болашағына әсер ететін әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі екені белгілі. Табиғатты қорғау мен тазалықты сақтау ұлттық құндылыққа айналуы тиіс деген ой өте дұрыс. Миллиондаған адамның экологиялық акцияларға қатысуы қазақстандықтардың санасының өскенін, табиғатқа жанашырлықпен қарайтынын көрсетеді. Бұл үрдісті қолдап, одан әрі дамыту қажет.
Сонымен қатар сұхбаттағы әділеттілік және экономикалық реформаларға байланысты ойлар өте өзекті деп ойлаймын. Осы орайда, әділеттілік пен жауапкершілікің егіз ұғым екенін естен шығармау абзал. Заңсыз алынған активтерді қайтару мен оны әлеуметтік саланы дамытуға жұмсау - әділдік қағидаларын жүзеге асырудың көрінісі. Бұл қоғамдағы сенімді нығайтып, экономикалық тұрақтылыққа жол ашады.
Жалпы, бұл идеялар, меніңше, Қазақстанның даму бағытын дұрыс таңдағанын көрсетеді. Елдің болашағы жастардың білімділігіне, жаңа технологияларды игеруіне, ұлттық құндылықтарды сақтап, алға жылжуына байланысты екеніне көз жеткізуге болады», - деді ол.