Наурыз айындағы ҰБТ-ны 21 мыңға жуық талапкер тапсырды


Наурыз айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасында 21 мыңға жуық адам тест тапсырды. Шекті балды 57%-ға жуық талапкер жинады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 53 балды (бес пән бойынша) құрады. Ең жоғары балл – 135, оны Абай облысының оқушысы жинады.
Тестке қатысушылардың 62,8%-ы қазақ тілінде, 37%-ы орыс тілінде, 52 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда, 18,4%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын тапсырды. 16,1%-ы «Шығармашылық емтихан», 12% «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 35 адам тапсырған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында наурыз ҰБТ-сына 69 талапкер қатысты,- делінген мәліметте.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Бұл жағдайда сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Қазіргі таңда 22 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 10 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 12 адам шығарылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, наурыз ҰБТ-сы 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Тестілеуге қатысуға 163 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.



