Мыңдаған баланың үміті: «Мың бала» жобасы ауыл оқушыларының өмірін қалай өзгертіп жатыр

Бүгін, 17:15
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views68
Мыңдаған баланың үміті: «Мың бала» жобасы ауыл оқушыларының өмірін қалай өзгертіп жатыр
Фото: «Ел үміті» қоры

Биыл Қазақстанда - ауыл балаларына арналған «Мың бала» олимпиадасына 5 жыл болды. Осы аралықта 800 мыңнан астам оқушы олимпиадаға қатысып, оның 5 мыңы үздік атанды. Бұл олимпиаданың жеңімпаздары - ауылдың қарапайым балалары үздік, яғни республикалық маңызы бар мамандандырылған мектептерге конкурссыз қабылданып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бүгінде Қазақстан мектептеріндегі білім сапасы біркелкі емес. Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтық өзекті мәселеге айналған. 2018 жылы Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (PISA) Қазақстандағы қала мен ауыл мектептерінің білім беру нәтижелері арасындағы айтарлықтай алшақтықты анықтады. Оқушылардың 40%-ы ауылдық жерде оқиды және олардың үлгерімі білім сапасының негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай төмен. Оның басты себебі – білікті мұғалімдердің, заманауи оқу-әдістемелік кешендердің және білім беру технологияларының қолжетімді болмауы. Бұған қоса халықтың ауылдық жерлерден көшіп кетуі мәселені күрделендіріп жатыр, бұл аталған аймақтардың білім беру әлеуетін төмендетеді.

Оқу-ағарту министрлігінің былтырғы жылғы мәліметіне сәйкес, елде 8 мыңға жуық мектеп жұмыс істейді, оның 67%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Сондай-ақ, ауыл мектебінің әрбір екіншісі шағын жинақты санатына жатады. Алайда соңғы зерттеулер Қазақстандағы ауыл мен қала мектебі арасындағы білім сапасындағы алшақтықтың азайғанын көрсеткен. Мәселен, PISA-ның 2018 жылғы нәтижесі 22 балды көрсеткен, ал 2022 жылы алшақтық 18 балға азайды. Ал жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша 2018 жылы алшақтық 31 балды құраса, ал 2022 жылы ол 26 балға дейін азайған. Осылайша, халықаралық зерттеулер ауыл мектептерінде білім беру сапасының артып келе жатқанын көрсетіп отыр.

Педагогтердің біліктілік деңгейі, инфрақұрылым мен оқушылардың қосымша білім алу мүмкіндіктері – осының бәрі ауыл балаларының сапалы білім алуына кедергі келтіріп отыр. Алайда бұл ауыл балалары бәсекеге қабілетсіз дегенін білдірмейді. Олардың ішінде небір талантты, білімді һәм дарынды оқушылар аз емес. «Мың бала» ұлттық олимпиадасының нәтижесі бұған дәлел болып отыр.

Аталған жоба 2020 жылы «Ел Үміті» қоры» корпоративтік қорының  бастамасымен басталған болатын. Осы аралықта бұл байқауға 800 мыңнан астам оқушы қатысып, бақ сынады. Бес жылда 1754 олимпиада жеңімпазы мамандандырылған мектептерге өтінім берді. Тек биылдың өзінде 550 ауыл оқушысына республика бойынша мамандандырылған мектептерде білім квотасы бөлініп отыр.

«Ел Үміті» корпоративтік қорының директоры Асланбек Амринның пікірінше, «Мың бала» олимпиадасы барлық балаға бірдей мүмкіндікті ұсынады. Сондай-ақ ауылдағы білім деңгейі қаладан артта болғанымен, ауыл  оқушыларының әлеуеті қаланың оқушыларынан кем түспейді деп есептейді.

«Ауыл балалары психологиялық тұрғыдан әлдеқайда мықты болып келеді. Олардың қиялы, өмірді қабылдауы, икемділігі басқаша, кең ойлай алады. Стресске төзімді, сабырлы келеді. Сәйкесінше, қалада шешім қабылдау кезінде мәселен, олимпиаданы алайық, олар өздерін сабырлы ұстап, озық шығып жатады. Сондықтан, бізде білім теңсіздігі бар деп айтуға болмайды. Теңсіздік жоқ. Теңсіздіктің себебі мектептің материалдық жағдайы немесе отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты болуы мүмкін», - деді ол.

Айта кетейік, академиялық адалдық мәселесі - жобадағы басты талап. Бес жыл ішінде олимпиада өткізу тәртібі жетілдірілді. Олимпиада онлайн екі кезеңнен тұрады және академиялық адалдыққа сәйкес прокторинг жүйесі арқылы өтеді. Олимпиада ережесі Оқу-ағарту министрлігінің  №514 бұйрығымен бекітілген. Жеңімпаз атанған оқушылар республикалық физика-математика, облыстық «Дарын», Білім-Инновация лицейіне тегін жолдама алады. Алайда оқушылар мен мұғалімдер арасында прокторинг жүйесін айналып өтуге тырысатындар жоқ емес. Мәселен, былтыр ережені орындамаған 30 оқушы олимпиададан шығарылған. Ал, биыл 496-уы олимпиададан шеттетілді, оның ішінде Түркістан бойынша 232 оқушы болды. 

«Мың бала олимпадасының аты айтып тұрғандай, жеңімпаз мың бала болғанымен, оларға бөлінетін квота саны оған жетпейді. Сондықтан меніңше, олимпадада мың орын туралы емес, мыңдаған озық балалар туралы айтуымыз керек. Бұлар шынымен де, мықты балалар. Егер мектеп директорлары, әсіресе жекеменшік білім беру ұйымдарының жетекшілері осы мәселеге назар аударса, ол балаларды өзіне алу үшін барын салар еді. Өйткені, олар жай балалар емес, математика, логика, жаратылыстану, ағылшын, қазақ және орыс тілінен сынақ тапсырған үздік оқушылар. Яғни, іріктеуден өткен, өңірлердегі дайын балалар. Ертең олар түрлі республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы болып шығуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, біз үздік балаларды іріктеп, ұсынып отырмыз», - деп қосты Амрин.

Айта кетейік, алғашқы 2020-2021 жылдары олимпиаданың іріктеу кезеңіне 5 және 6 сынып оқушылары қатыстырылған. 2023 жылы бұйрыққа өзгеріс енгізіліп, тек 6 сынып оқушылары қатысатын болды. Жалпы, алты жыл ішінде олимпиадаға 819 мың бала қатысқан.

«Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны болды. Сол кезде оқушыларды облыс орталықтарына апармай, өздерінің мектептерінде прокторинг жүйесімен тапсыру туралы шешім қабылданды. Осылайша 2024 жылдың олимпиадасын толықтай онлайн форматта өткіздік. Барлық оқушылар өз мектептерінде компьютермен тапсырды. Біздің қызметкерлеріміз облыстарға шығып, олимпаданы қалай тапсырып жатқандарын көрдік. Сол кезде байқағанымыз, ауыл мектептерінің көбі ковид кезінде онлайн режимге көшкенде оқушыларға кішкентай ноутбук берген. Алайда ол ноутбуктардың қуаты әлсіз, оқушылар сонымен тапсырады. Біздің талабымыз бойынша, прокторингтың арнайы талаптары бар. Ал ауыл оқушыларының техникалары оған сай келмейді. Яғни, бұл техникалық қиындық. Соның салдарынан ата-аналар мен оқушылардың тарапынан түсініспеушілік пайда болады. Жоба кезінде тап болған басты қиындық осы ауылдық жердегі техниканың нашар болуымен байланысты», - деді Олимпиадалық дайындық орталығының басшысы Абылайхан Қайроллаев.

Биыл Қазақстанда 160 мың оқушы 6 сыныпта оқиды. Соның 65 мыңы олипмиадаға қатысу үшін тіркелген, оның 17 мыңы - Түркістан облысының оқушылары. Жалпы, биылғы олимпиада республиканың барлық өңірін, 209 ауданы мен 2541 елді-мекенін қамтыды.

«Біз олимпиада нәтижесі бойынша мамандандырылған мектепте оқу үшін әрбір мектептен 10 пайыздық квота жинаймыз. Мысалы, Түркістан облысындағы БИЛ 2025-2026 оқу жылына 190 оқушы қабылдайды, соның 10%, яғни 19 орын «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздарына бөлінеді.   Биыл жеңімпаз мың оқушының 366-ы Түркістан облысының оқушылары. Ал Түркістандағы БИЛ-ға берілген квота небәрі 19 орын. Құжат қабылдау басталғанда ол орын санаулы секунд ішінде аяқталды. Кеш тапсырған кейбір ата аналар «бізге неге орын жоқ?» деген реніш білдіріп жатады», - деп қосты ол.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда оқушылар басқа өңірлердегі мектептерді таңдай алады. Алайда, көп жағдайда ата-аналар баласын басқа өңірге жібермейді. 

«Мәселен, қазір Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысында осындай жағдай қалыптасып отыр. СҚО-да 6 оқушы жеңімпаз атанған, ал 7 оқушыға квота бар. Өңірде жеңімпаз атанған оқушының біреуі ғана үздік мектепте оқуға өтініш берген. Себебі, ауылдан кеткілері келмейді. Мұндай жағдайда квота басқа өңірлерден квотаға ілінбей қалған жеңімпаздарға ұсынылады. Алайда бұған дейін атап өткеніміздей, ата аналар балаларын басқа өңірге жіберуге келіспейді», - деді Қайроллаев.

Бес жылдық тәжірибе кейбір өңір ұлттық олимпадаға қызығушылық танытпайтын көрсетіп отыр. Мысалы, аутсайдер қатарында Қарағанды облысы бар. Өңірдегі мамандандырылған мектептер БИЛ, Дарын мектепбі жыл сайын квота береді, алайда қатысушылар жоқтың қасы. Биыл облыстан 9 ғана оқушы жеңімпаз атанған.

Жыл өткен сайын бұл жобаға мамандандырылған мектептермен қатар жеке меншік мектептер де қызығушылық танытып отыр. Мысалы, Ақтөбеде «Білім» және «Сымбат» деген жекеменшік мектеп 20 квота бөлу туралы ұсыныс білдірген. Себебі оларға іріктеуден өткен үздік оқушылар керек. Жоба ұйымдастырушылары қазір жекеменшік мектептерге ұсыныс жасап, осы тәжірибені кеңінен таратуды көздеп отыр.

Бұған дейін атап өткеніміздей, биыл «Мың бала» олимпиадасының алғашқы жылында қатысып, жеңімпаз атанып, үздік білім ошағында оқу мүмкіндігіне ие болған оқушылар мектеп тәмамдады. Осы жылы 121 түлек отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Сондай-ақ олимпиаданың басқа да қатысушылары әлемдік аренада жетістіктерімен танылып жүр. Мәселен, 16-19 шілде аралығында Австралияда Халықаралық математикалық олимпиада (International Mathematical Olympiad, IMO-2025) өтіп, оған жүзден астам елден 600 жас математик қатысты. Қазақстаннан қатысқан алты оқушының барлығы жоғары көрсеткіш көрсетіп, төрт күміс және екі қола медаль алды. Соның бірі - «Мың бала» олимпиадасының жеңімпазы - Ақтөбедегі «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Ерқанат Кеңшілік. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Белгілісі, олимпиада бастапқыда көзделген өзінің мақсатын орындауда деуге болады. Осылайша, бес жыл ішінде «Мың бала» олимпиадасы талай талантты анықтап, ауыл балаларының өміріне елеулі өзгеріс әкелді.