Елорданың дарынды оқушылары марапатталды
Елордадағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстардың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлады Elorda.info.
Қалалық Білім басқармасы, сондай-ақ «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырып өткізген бұл шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қатысып, бас қаламыздың білім ордаларында оқып жатқан дарынды жастардың талабына демеу, жігеріне жебеу көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, білім беру жүйесін жетілдіру, білім сапасын өсіру ісіне айықша назар аударылып келеді. Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз білім саласына мән берудің бір натижесі деп айтуға болады. Қала әкімдігі де Мемлекет басшысының тапсырмасын табысты орындау, сондай-ақ жыл сайын көбейіп келе жатқан қала тұрғындарының қажетін қанағаттандыру үшін бас қалада жыл сайын 10 шақты мектеп салады. Алайда тұрғындар санының тез өсуіне байланысты қаламызда мектеп жетіспеу мәселесі, балалардың екі ауысыммен оқу жағдайы әлі де түбегейлі шешілген жоқ. Сондықтан алдағы уақытта елордамызда 40 білім ордасын салу, ертеректе салынған көне мектептерді жаңалау жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде біздің қаладағы барлық мектептерде әлемнің озық оқыту үлгілерін негізге ала отырып, оқушылардың үйренуіне, зерттеу жүргізуіне қажетті барлық жағдайлар жасалған. Бүгін осында марапат алып жатқан жастар біздің мақтаншымыз, еліміздің келешегі үшін жақсы оқып, осындай үздік нәтижелеріңізбен қуанта беріңіздер, – деді қала әкімінің орынбасары.
Елордалық дарынды жастарды қолдау және насихаттау, интеллектуалдық дамыту іс-шараларына қатысу белсенділігін қалыптастыруға жағдай жасау, көшбасшылық, дарындылық, шығармашылық және патриотизмнің табысты үлгілерін насихаттау мақсатында өткен іс-шарада 117 халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы атанған 71 оқушыға (46 жеңімпаз мектеп бітіріп кеткен) Астана қаласы әкімінің атынан алғыс хаттар және ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Бәсекелі білім бәйгесінде топ жарған жастарға қолдау көрсету мақсатында өткізілген мұндай шаралар бізге үлкен демеу болып, жаңа жеңістерге қол жеткізуге ынталандырады. Бас қалада жастардың білім алуына өте қолайлы жағдай жасалған. Біз алған білімімізді еліміздің кемел келешегі үшін жұмсауға дайынбыз, – деді жер және ғарыш саласы бойынша республикалық ғлыми жобалар конкусының алтын медаль иегері, № 9 Зерде мамандандырылған мектебі 11-сынып оқушысы Тайсағат Бексұлтан.
Айта кетейік, жыл сайын елордалық оқушылар командасы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында командалық бірінші орынды иеленіп, «Үздік команда» атанып келеді.
Қалиакбар Үсемханұлы