00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елімізде қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды

Елімізде қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінен

Бүгін қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін жалғасады. 167 мыңға жуық адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Олардың 76,7%-ы қазақ тілінде, 23,2%-ы орыс тілінде, 142 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Қаңтар ҰБТ-сын өткізудің бірінші күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласындағы тестілеу орталықтарының бірінде болды. Ол ҰБТ-ның өту барысымен танысып, болашақ студенттерге сәттілік тіледі.

«Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Тестілеудің бірінші күні еліміз бойынша 2 277 адам, оның ішінде елордада 155 талапкер ҰБТ тапсырады. Ең көп таңдалатын бейіндік пәндер комбинациясы бірнеше жыл қатарынан өзгеріссіз қалып отыр. Талапкерлердің 17,5%-ы «Математика-Физика» комбинациясын таңдаған. Яғни, бұл болашақ инженерлер, механиктер, мұғалімдер, техниктер мен технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 17,3%-ы «Биология-Химия», 10,3%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ медицина қызметкерлері мен IT мамандары», - деді министр Саясат Нұрбек.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша пәндер. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.