Биыл «Серпін» бағдарламасына өзгерістер енгізілді – вице-министр
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев 2023 жылғы ҰБТ өткізу туралы айтып берді, деп хабарлады Elorda.info.
Өткен аптада елімізде маңызды науқандардың бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Осы тестілеу нәтижесінде түлектер мемлекеттік грант конкурсына қатыса алады. Вице-министрдің айтуынша, ҰБТ-ға қатысуға 166 мың талапкер өтініш білдірген.
Гранттың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бағытталады, сонымен қатар тығыз орналасқан және батыс аймақтардың жастары үшін арнайы гранттар бөлінген. 2023 жылы өңірлік ЖОО-ларға бөлінетін педагогикалық квоталардың саны артты – 6 280 грант бөлінген. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша 3 653 грант бөлінді, – деді Қ.Ерғалиев.
Ол биыл «Серпін» бағдарламасына қатысты екі өзгеріс бар екенін айтты. Біріншіден, бағдарламаны өтеу мерзімі қысқарған: ол бұрын үш жыл болса, қазір екі жылды құрайды. Сондай-ақ бұрын жұмыспен өтеу оқыған аймақта ғана болатын болса, қазіргі таңда басқа да осы бағдарламаға қатысқан аймақтарда жұмыс істеуге және өтеуге болады.