Қазақстандық студенттер Халықаралық статистика олимпиадасында жеңіске жетті


Мәскеуде ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеті ұйымдастырған статистика бойынша III Халықаралық студенттік олимпиада-фестивалі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарысқа Қазақстан атынан М.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының студенттері қатысты. Олар командалық есепте бірінші орынды иеленді, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері статистика құралдарын сауатты қолдану номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
Олимпиадаға Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан барлығы 13 студенттер командасы қатысты.
Іс-шара «ТМД статистикасын дамыту» жобасы аясында өтті және статистика ғылымын насихаттауға бағытталған.
Байқау екі күнге созылды. Бірінші күні қатысушылар теориялық статистика бойынша тест тапсырып, шығармашылық тапсырманы қорғады.
Екінші күні командалар әзірлеген ғылыми-зерттеу жобаларын қорғады. Зерттеу тақырыбы – «Ұлы Жеңіске – 80 жыл» аясында Кеңес Одағының соғысқа дейінгі, соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайын талдауға бағытталды.



