Қазақстандық оқушы Еуропаның ең үздік физигі атанды


17 маусымда Болгария астанасы София қаласында Еуропалық физика олимпиадасы (EuPhO-2025) өз мәресіне жетті. Биылғы зияткерлік додаға 39 елден 200-ден астам жас физик қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасы бұл жарыста тамаша нәтиже көрсетті, ел намысын қорғаған бес оқушының барлығы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Ілияс Қазымбек олимпиаданың абсолют жеңімпазы болып танылды. Ол Қазақстанның жүлде қоржынына алтын медаль алып келді.
Астанадағы РФММ-нің тағы бір 10-сынып оқушысы Алтаир Аканов пен Алматы қаласындағы «Miras» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Роман Черемнов күміс медаль иеленсе, «Nurorda» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Даниэль Тюлюбаев қола медаль жеңіп алды. Қостанай облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Таир Әбдіқадыр құрмет грамотасын иеленді.
Команданы халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, тәжірибелі тәлімгерлер – Андрей Сидоренко мен Темірлан Исмагұлов дайындады.
Анықтама үшін: EuPhO – мектеп оқушыларына арналған беделді халықаралық зияткерлік сайыс. 2024 жылы Қазақстан құрамасы аталған олимпиадада 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған болатын. Биылғы көрсеткіш елімізде дарынды оқушылармен жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіліп отырғанын айғақтайды.



