Қазақстанда ҰБТ-дан ең жоғары 140 ұпай жинаған оқушы белгілі болды


Түркістан облысы Ордабасы ауданының мектеп түлегі Жәнібек Әбілхан ҰБТ-да ең жоғары 140 балл жинады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
19 мамыр күні Шымкент қаласының аймақтық тестілеу орталығында Жәнібек «Математика-Информатика» пәндер комбинациясын таңдап, емтиханды сәтті тапсырды.
«ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинағаныма әлі де сенер алар емеспін! Өте бақыттымын! Қаңтар мен наурыздағы тестілеуде жақсы нәтиже көрсеткеніммен, бұл нәтиже менің армандарымның шегі! Мен ҰБТ-ға жоғары сыныптардан бастап мақсатты түрде дайындалдым, өйткені бала кезімнен кім болғым келетінін түсіндім. Менің арманым – IT маманы болу. Менің ойымша, цифрлық технологиялар заманында біздің елімізге IT саласында білікті мамандар өте қажет. Мен солардың бірі болып, Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Бұл нәтиже – менің арманыма жеткізер алғашқы қадам!» – деді Жәнібек.
Естеріңізге сала кетсек, негізгі ҰБТ 16 мамыр күні басталды, ол 7 шілдеге дейін жалғасады. Тестілеуге қатысуға 216 мыңға жуық талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мыңға жуық өтініш берген.