00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстан мен Қытай бірлесіп ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайды

Қазақстан мен Қытай бірлесіп ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайды
фото: ЕҰУ

Еуразия ұлттық университеті мен Циндао ауылшаруашылық университеті (Қытай) ауыл шаруашылығы саласының мамандарын бірлесіп дайындауға, сондай-ақ осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізуге келісті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Келісім Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов пен Циндао ауылшаруашылық университетінің проректоры Чжан Юмэйдің қол қойған меморандумымен бекітілді.

«Қытай біздің мемлекетіміз қалыптасқан сәттен бастап Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі болып табылады. ҚР Президенті «Бір белдеу-бір жол» жобасы аясында мемлекеттеріміздің ынтымақтастығына ерекше назар аударады. Осыны ескере отырып, біздің бүгінгі кездесуіміз Қазақстан мен Қытайдың ғылым және білім саласындағы ынтымақтастығын дамыту үшін ерекше рөл атқарады. ЕҰУ Қытайдың 20-дан астам жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта. Меморандум аясында біз білімді ілгерілету және тарату үшін, әсіресе интелектуалды ауыл шаруашылығы саласын оқыту, ғылыми зерттеулер және кадрларды даярлау саласында академиялық алмасу мен ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз.

Біздің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығымыз елдеріміздің экономикасын дамыту және жаңа стратегиялық байланыстарды қалыптастыру үшін қызмет ететініне сенімдімін», - деді ректор Ерлан Сыдықов.

Шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қазіргі әлемде белсенді өзгерістер жүріп жатқанын, сондықтан бұл жағдайда ғылым мен білімнің рөлі маңызды екенін және мұндай кездесулердің ерекше құнды екенін атап өтті.

 «Меморандум аясындағы ынтымақтастық бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларына қатысты, біз бірлескен зерттеулер жүргізуге дайынбыз. Бұл сонымен қатар студенттер мен таланттарды бірлесіп дайындауға жақсы мүмкіндік. Біз студенттер және оқытушылармен алмасуға ниеттіміз. Біздің университеттер болашақта бірлескен күш-жігермен жоғары мақсаттарға қол жеткізе алатынына сенімдімін»,- деді Циндао ауылшаруашылық университетінің проректоры Чжан Юмэй.

ЕҰУ директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Құлекеев Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың артуына тоқталып, екі елдің экономикасы үшін жаңа кадрларға сұраныстың артып отырғанын айтты. Оның айтуынша, мұндай меморандумдар университеттер мен ғылыми орталықтар арасындағы ғылыми-техникалық байланысты нығайтып, сапалы мамандар даярлауға септігін тигізеді.

 «Біздің тараптар білім беру ұйымдары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты дамытып, екі ел студенттерінің өзара әрекеттесу аясын кеңейтетін болады», - деді Шаньдун провинциясының халық өкілдері құрылтайы директорының орынбасары Ван Суйлянь.

Спикер сондай-ақ жоғары білікті кадрларды тәрбиелеу үшін бірлесіп Кәсіби институттар құруды және өзара ынтымақтастықты нығайта отырып, «Бір белдеу-бір жол» жобасын дамыту үшін халықаралық пәнаралық таланттарды дайындауды ұсынды.

Осы күні ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі мен Шаньдун провинциясының (ҚХР) білім басқармасы, сондай-ақ  С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ университеті мен Циндао ауылшаруашылық университеті арасында меморандумға қол қойылды.

Сапар барысында Қытай делегациясы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ғылыми орталықтары мен зертханаларын аралап, ғылыми әлеуетімен танысты.